"Самоделкинаға берілген пәтер Абзал Әжіғалиев пен басқаларына да берілуі керек" – Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы
Қазақ спортында өшпес із қалдырған, Қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақ қызы, 1994 және 1998 жылдары ел намысын қорғаған саңлақ спортшы – Кенжеш Сәрсекеновадан Stan.kz тілшісі сұхбат алды. Ол тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы алғаш рет желбіреген тарихи сәттердің куәсі болды. Мұз үстінде 20 жылын өткізіп, спортқа 44 жыл ғұмырын арнаған кейіпкеріміз бүгінде елдегі конькимен жүгіру спортының дамуына үлес қосып жүрген білікті маман.
Біз онымен спортқа келу жолы, Олимпиададағы толқыныс пен өкініш, бүгінгі қысқы спорттың жай-күйі, мемлекет қолдауы мен қоғамдағы пікірлер туралы ашық әңгіме өрбіттік. Сонымен қатар, жас буынды спортқа баулу, қазақ балаларының қысқы спортқа қызығушылығы жайында да өткір ойлар айтылды.
– Қысқы Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызысыз. Жалпы спортқа қалай келдіңіз?
– Олимпиадаға барудың өзі – ерекше сезім. Оны тек сол сәтті бастан өткерген адам ғана түсіне алады. Мен елімнің патриоты ретінде спортты қатты сағынамын. Кейде Алау мұзайдынына барып, коньки тебетінім бар. Биыл конькимен жүгіру спортымен айналысқаныма 44 жыл толып отыр. Бұл спортқа он жасымнан бастап келдім. Қазір елімізде осы спорттың дамуына жауапты мамандардың бірімін. Спортқа деген сағынышым шексіз.
Біз отбасымызда 16 ағайындымыз. Кішкентай кезімде ер балалар сияқты өстім: ағашқа өрмелеп, қуаласпақ ойнайтынмын. Мектепте жеңіл атлетикаға қатысып, "желаяқ" атанған кездерім де болды. Бірде анамнан спортқа деген қабілет кімнен дарығанын сұрадым. Сөйтсем, әкем жас кезінде спортшы болған екен.
Сол уақытта Азен деген ағам менің спортқа бейімділігімді байқап, Алматыға шақырды. "Спорт мектебіне барғың келе ме?" деп сұрағанда, қуана келістім. Біз шағын ғана Аягөзде тұратынбыз, ал Алматы біз үшін арман қала еді. Үйдегілерге "қалаға қыдырып барып келемін" деп, ағаммен бірге жолға шықтым.
Спорт мектебіне барсақ, жеңіл атлетика бойынша іріктеу аяқталып кетіпті. Көңіліміз түсіп, кері қайтайық деп тұрғанымызда, бір топ спортшының ролик теуіп жаттығу жасап жатқанын көрдік. Сол жерде тұрған жаттықтырушы бізден не іздеп жүргенімізді сұрады. Ол кісі орысша сөйлейді, ал мен ол кезде орыс тілін түсінбейтінмін. Ағам аудармашы болды. Жағдайды түсіндірдік.
"Бақ сынап көрейін" деп іріктеуге қатыстым. Барлық тапсырманы сәтті орындадым. Жаттықтырушы: "Бұрын осы спортпен айналысып көрдің бе?" деп сұрады. "Жоқ", – дедім. Ол кісі қатты қуанды. Сөйтіп, мен конькимен жүгіру спорты бөліміне оқуға қабылдандым.
Алматыдан ауылға үйіме келіп ата-анама айттым. Әкем біраз ойланып отырды да мерің қатты қалап тұрғанымды құштарлығымдя көріп, батасын беріп қалаға спорт интернатына жіберді.
– Сіз 1994 және 1998 жылғы Олимпиадаларға қатыстыңыз. Дегенмен, ішіңізде "әттеген-ай, жүлде алғанымда ғой" деген өкініш қалып қойған жоқ па? Бәрібір әр спортшының арманы – Олимпиаданың алтын жүлдесі емес пе?
– Бір күні бапкерімнен спортшының ең басты мақсаты не деп сұрағанымда, ол: "Олимпиадаға қатысу" деп жауап берген еді. Сол сөз көкейімде қалып қойды. Неге ол кісі "Олимпиаданың жүлдесін алу" деп айтпады екен деп ойлаймын. Бұл ой менің өзегімді өртейді. Жаттықтырушым алдыма неге нақты, биік мақсат қоймады екен деген де ой келеді. Егер жүлдені мақсат етіп қойғанымда, мүмкін соған бар күшімді салар ма едім деген күдік те жоқ емес.
Екіншіден, тәуелсіздік алғаннан кейін өз байрағымызбен, Қазақстан деген елдің атынан Олимпиадаға бардық. Олимпиаданың атмосферасын, жарыс алдындағы толқуды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Екі рет Олимпиадаға қатысып, кейін спорттық мансабымды аяқтадым. Қыз бала болған соң, тұрмыс құру керек деген түсінік те болды.
Қысқы спортта қар жауады, жел соғады қолайсыз ауа райы дегендей соның зардабы сезіледі. 20 жыл мұз үстінде жүргеннің өз салдары бар екен: түнде аяқ қақсайды, сіңір тартылып қалады, грыжа да мазалайды (күлді).
– Қазіргі сәтке сәтке оралайықшы. Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров алтын медаль жеңіп алды. Қазақстан осы бір жүлдемен шектелді. Бұл Олимпиадаға қандай баға бересіз?
– Бұл Олимпиадаға мен өте жоғары, "бес" деген баға беремін. Себебі мен өзім осы жолдан өттім, бір емес, екі Олимпиадаға қатыстым. Әр спортшы ұлттық құрамаға қабылдану үшін кем дегенде 10 жыл жаттығуы керек. Сол уақыттың ішінде өзімен қатар жаттығып жүрген спортшылардың арасынан суырылып шығып, үздік екенін дәлелдеуі қажет.
Сондықтан бұл жолғы Олимпиадаға өте жоғары баға қоямын. Бұған дейін күміс, қола жүлделер алып жүрдік. Ал ел үшін алтын медальдің орны бөлек. Мысалы, үш күміс, төрт қола алсақ та, жалпы есепте алтын медальға жетпейді. Алтын алған сәтте көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалады. Күллі әлем біздің Әнұранымызды тыңдайды.
Бір ғана алтын болса да, біз бұл Олимпиадада жоғары жетістік көрсеттік деп есептеймін. Себебі 1994 жылы Владимир Смирнов еліміздің атынан алтын медаль жеңіп алған еді. Мен де сол Олимпиадаға қатысып, оған куә болдым. Содан бері араға 32 жыл салып барып, Олимпиаданың алтынына қайта қол жеткізіп отырмыз. Бұл шын мәнінде керемет оқиға.
– Қазір әлеуметтік желіде қысқы Олимпиада ойындарына 13,3 млрд теңге жұмсалып, нәтижесінде бір ғана алтын медаль алынғаны туралы пікірлер айтылып жүр. "Сонда бір жүлдеге осыншама қыруар қаржы жұмсалды ма?" деген сауал туындауда. Осы пікірге сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Әлеуметтік желіде жарияланған көптеген жазбаларды оқып, қарап отырмын. Шынымды айтсам, кейбір пікірлерді көріп қынжыламын. Себебі мұндай ой айтып жүрген адамдар спортқа қатыспаған, спорттың қыр-сырын түсінбейтін жандар сияқты көрінеді. Олар қаржының көлеміне ғана қарап, "осынша ақша қайда кетті?" деп ойлайтын шығар.
Меніңше, халқымыз ең алдымен елімізге әкелінген алтын жүлденің қадірін бағалап, соған қуана білуі керек. Төрт жылда бір өтетін басты додада көк байрағымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Бұл үлкен жетістік әрі зор мақтаныш.
Қазір сын айтушылар, хейтерлер көбейіп кеткені рас. Дегенмен мұндай пікірлерді спорттың мәнін толық түсінбейтін адамдар жазып отыр деп ойлаймын. Жалпы, олардың бұл әрекетін түсіну қиын.
– Жақында Туризм және спорт министрлігі Михаил Шайдоровтың жалақысын жариялады. Алайда Михаил бұл әрекетті өзіне көрсетілген құрметсіздік деп бағалады. Сіздің ойыңызша, министрліктің бұл әрекеті дұрыс па?
– Егер мен Михаилдың орнында болсам, бұл жағдайға ренжімес едім. Өйткені қазіргі кезде қоғам ашықтықты талап етеді. Министрлік жалақыны бекер жариялаған жоқ деп ойлаймын. Себебі халық арасында "бұл алтын – үкіметтің емес, тек Михаил мен оның әкесінің еңбегі" деген пікірлер айтылды. Осындай әңгімелер көбейген кезде министрлік өз тарапынан қаншалықты қолдау көрсетілгенін ашық көрсетуді жөн көрген болуы мүмкін.
Шын мәнінде, ұлттық құрама сапына қабылданып, Олимпиадаға жолдама алған спортшы толықтай мемлекет қарамағында болады және мемлекеттен қаржыландыру алады. Министрлік тарапынан да қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан спортшы алтын медаль жеңіп алса, оған қанша қаржы төленгені немесе қандай қолдау көрсетілгені халыққа белгілі болса, бұл жерде ешқандай құпия болмауы керек деп санаймын.
Министрліктің бұл әрекеті – халық дұрыс түсінсін, мемлекет тарапынан қолдау бар екенін білсін деген ниеттен туған қадам сияқты. Өйткені жеңіс – тек спортшы мен оның отбасының ғана емес, сонымен қатар мемлекет қолдауының да нәтижесі.
– Жаңа ғана өзіңіз де айтып өттіңіз. Қоғамда бұл жеңісті тек "Михаил мен әкесінің" жеңісі деп айтып жатыр. Бұған не дейсіз?
– Үкімет әр балаға бірдей ақша төлей берсе, бюджетте қаржы қалмайды ғой. Әр баланы кішкентайынан ата-анасы үйірмелерге қатыстырып, қолдау көрсетіп, жетелейді. Мысалы, Денис Теннің анасы да оны жас кезінен өз қаражатымен жарыстарға қатыстырып, барынша қолдау білдірген. Кейін бала жетістікке жетіп, көзге түсіп, ұлттық құрамаға ілінсе, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Халық арасында Михаилға қатысты "әкесі көлігін сатып, баласын өзі сүйреген" деген әңгіме айтылып жүр. Ол үшін Михаил мен әкесіне шын жүректен алғыс айтамыз. Әрине, баласын қолдап, барын салған ата-ананың еңбегі орасан.
Дегенмен, Олимпиада алтынын мемлекет қолдауынсыз алу мүмкін болмас еді. Спортшы белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін оны мемлекет өз қамқорлығына алып, дайындыққа, жарыстарға қатысуына, барлық қажетті жағдай жасауға барынша көмектеседі. Сондықтан бұл тек Михаил мен оның әкесінің ғана емес, сонымен бірге мемлекет қолдауының да нәтижесі. Үкіметтің көмегінсіз бұл алтын медальді алу оңай болмас еді.
– Күні кеше Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасындағы жекелей сында оныншы орын алған Софья Самоделкинаға Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы бір бөлмелі пәтер сыйлады. Кейбіреулер: "Егер Софьяға пәтер берілсе, Бейжіңде төртінші орын алған Абзал Әжіғалиевке де беру керек" деп жатыр. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Софьяға сыйланған бұл пәтер демеушілер тарапынан берілді. Егер демеушілер болса, Олимпиадада үздік ондыққа кірген барлық спортшыға пәтер берсін.
Құрметті шенеуніктерге айта кетейін: "Құлақтарыңызға алтын сырға болсын – конькимен жүгіру спортынан Олимпиадада алтыншы орын алған спортшымыз бар және жетінші орын алған Денис Никиша, ал алдыңғы Олимпиадада төртінші орын алған Абзал Әжіғалиев бар. Сол спортшыларға әрқайсысына бір-бір пәтер сыйласаңыздар".
Бұны мен демеушілерге айтып отырмын. Жомарт ағаларымыз бен спортты қолдайтын шенеуніктер болса, спортшыларымызды қолдап, оларға пәтер сыйлаңыздар. Бізде тек медаль алған кезде ғана демеушілер көбейеді. Ал спортшылар жетістікке жеткенге дейін Олимпиадаға жетуге көмектессе, бұл одан да жақсы болар еді.
– Жуырда бір спорт комментаторы мемлекет тарапынан Михаил Шайдоровтың алтынына тағайындалған сыйақыны Михаилге емес қайта ол ақшаның бір бөлігін спортқа бөлу керек депті. Бұл пікір қаншалықты орынды?– Жоқ бұл жаңсақ пікір. Бұл спортшының маңдай тері арқылы тауып отырған қаржысы. Оны спортшының өзі қайда жұмсайды өз құзыретінде. Өз күшімен адал еңбегімен жеңіп алған ақшасы, қайда жұмсасада өзі біледі.
– Дәл осы қысқы спорт түрлеріне қазақ балалары аз?
– Мен осы конькимен жүгіру спортының басы-қасында жүргеніме он жылдан асты. Жақында әлеуметтік желілерде жазылып жатқан пікірлерді көзім шалып қалды. Сол жерде неге біздің қазақ балалар қысқы спорттан Олимпиадаға барған қарагөз қазақ балаларымыз аз? Неге? Өйткені қазақ отбасылары балаларын қысқы спортқа алып келмейді. Мен қатты да болса айтайын, қазақ елі жалқау. Таңертең ерте тұрып, балаларын “Алау” мұзайдынына алып келуі керек.
Біздің қазақ жалқау халық. Телевизорды қарап отырып, қазақтар жоқ, анау жоқ, мынау жоқ дейді. Егер олар өздері балаларын алып келмесе, біз кімдерді тәрбиелейміз? Жаттығуға келетін басқа ұлттың балалары. Біздің қазекеңдер балаларын әкелмейді. Шындық осы.
Жарайды, басқа өңірлерде қысқы спортқа апармауы мүмкін. Алайда осы Астанадағы қазақтар әкелуге болады ғой. Мүмкіндік бар. Барлық стандарттарға сай “Алау” мұзайдыны бар. Мен айтамын: таңертең сегізде жаттығу басталады. Таңертең спорттық киімдерін киіндіріп, тамақтандырып, бізге алып келіңіздер деймін. Ары қарай біз баланы өзіміз дайындаймыз. Қай бала қандай спортқа бейім, сол балалардан нәтиже шығарамыз. Сонда қысқы спортта қазақ балалары көбейеді.
Біз өзіміз жалқаумыз. Мүмкін олар ойлайтын шығар: тоңып қалады, қиын болады деп. Айта кетейін, ешқандай спорт оңай емес. Алдында бір рет: қысқы спорт керек емес, жазғы спорт түрлерімен айналыса берсін дейді.
Алысқа бармай-ақ қояйық, мен өзіміз оларға үлгі мысалмын ғой. Қазақтың қарагөз қызы қатарынан екі Олимпиадаға қатыстым. Балаларыңызды қысқы спортқа алып келіңіздер, тегін