Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкіметте Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуі туралы соңғы шешім қабылданды

Үкімет 19 қаңтарда "Уақытты есептеу тәртібі туралы" қаулыға өзгеріс енгізу арқылы, ел аумағында бесінші сағат белдеуін қолдану туралы шешім қабылдады. Бұл шешім – Қостанай және Қызылорда облыстары азаматтарының бірнеше жыл бойы осы мәселені көтерген көптеген өтініштерін ескере отырып қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels.com

Шешім қабылдау кезінде парламент депутаттары, мемлекеттік және жергілікті органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, институттар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері секілді 60 адамнан тұратын уақытты есептеу тәртібі бойынша арнайы құрылған Ведомствоаралық жұмыс тобының баяндамасында көрсетілген ғылыми негізделген дәлелдер пайдаланылды.

Табиғи уақытты қолдаушылардың халықаралық альянсы (IANT) Қазақстанның орталық және шығыс аймақтары үшін географиялық бойлыққа сәйкес келетін және оңтайлы шешім болатын UTC+5 уақыт белдеуін белгілеу туралы үкіметтің шешімін қолдады. Осылайша, UTC+5 – Қазақстан үшін жаңа уақыт белдеуі емес, тарихи негізделген уақытқа оралу болмақ.

“Бұл белдеу ел халқының 76%-дан астамы (15 миллион 240 мың адам) тұратын Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қоса алғанда 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықтарды қамтиды. Әлемдегі 195 елдің 117-сі стандартты уақыт белдеуіне мүмкіндігінше жақын географиялық уақытты таңдады. Өйткені адамның циркадиялық ырғағы табиғи күндізгі жарық циклімен синхрондалған”, – делінген хабарламада.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздің UTC+5 уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтары туралы айтты

Арман Шаққалиев бұл шешімнің ең оңтайлы екенін алға тартты. 

“Қазақстаның көп аймағы бесінші сағат белдеуінде екеніне қарамастан, 1930-1931 жылы Қазақстанда UTC+6 декреттік уақытты пайдалану арқылы енгізілді. Жалпы кеңестік кезеңде Қазақстанда әміршіл-жоспарлы экономика мүддесіне сай табиғи сағат белдеуі бұйрықтық тәртіппен сегіз рет өзгертілді. Нәтижесінде біз Қазақстанда табиғи циклге сай келмейтін уақыт белдеуінде өмір сүрдік”, – дейді министр. 

Сондай-ақ премьер-министр Олжас Бектенов үкімет Қазақстанның қазіргі біртұтас уақыт белдеуін қолдайтынын айтты.

“Үкімет бұл шешімді қолдайды. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіміз кездейсоқ емес. Логика мынада: бесінші сағаттық белдеу географиялық тұрғыдан ел аумағының көп бөлігін қамтиды. Сауда және ақпарат министрлігіне түсіндіру жұмыстарын нақтырақ жүргізуді тапсырамын”, – деді Олжас Бектенов.



2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бұл шешімнен кейін қазақстандықтар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрап, петиция жариялады. Алайда Сауда министрлігі халықтың петициясын қабылдамады.

“Петицияны қараған жұмыс тобы тұрмыс-тіршіліктегі дәлелдерді зерттей отырып уақыттың денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себеп-салдарлық байланысын таппады. Петицияны қарастырудың нәтижесінде, стандартты сағат белдеуіне максималды бейімделу жағдайларын жасауға бағытталған үәкілетті тиісті мемлекеттік органдарға айқын ұсыныстар мен тапсырмалар берілді”, – делінген хабарламада.

Осылайша үкімет сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан оңтайлы болады деген пікірде қалды.

Бұған дейін Ғылым министрлігі бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттейтіні туралы жазған едік.

Талқылау