Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет пен әкімдердің жұмысын экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз – Тоқаев

Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды. Жиын барысында Тоқаев әкімдердің жұмысын экономикалық даму мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев

Фото: Ақорда

Жиын басында мемлекет басшысы әлемнің түбегейлі өзгеріп жатқанын айтып өтті. 

"Бүгін біз үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп бәрімізге белгілі. Қазір дүниежүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық. Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет”, – деді ол.

Президенттің сөзінше, бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.

“Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз", – деп қосты Тоқаев. 

Күн тәртібіне сәйкес, жиында премьер-министр Олжас Бектенов, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасайды.

Талқылау