Үкімет әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің зейнетақы жарнасын алып тастамақ
Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын алып тастау жоспарланғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Жұманғариннің сөзінше, елде қосылған құн салығы көтерілгендіктен, бизнеске қатысты бірқатар салық өзгерістері енгізілетінін жеткізді.
“Бизнес төлеп отырған еңбекақы қорына жүктеме шамамен 40%-ға тең. Бұл – өнімнің өзіндік құны. Мұның салдары қандай болады? Нәтижесінде өнімнің өзіндік құны өсіп, өнімнің өзі бәсекеге қабілетсіз болуына әкеп соғады. Осыған байланысты, қосымша құн салығы мөлшерлемесі жоспарланған деңгейге дейін ұлғайған жағдайда, біз әлеуметтік салықты және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын жоймақпыз. Нәтижесінде еңбекақы төлеу қорына жүктеме орта есеппен 10%-ға, яғни 40%-дан 30%-ға дейін айтарлықтай төмендейді. Бюджет бұл шығындарды өз мойнына ала алады. Біз әлеуметтік салық жергілікті бюджеттердің негізгі кірісі екенін түсінеміз. Республикалық салықтардың басқа түрлерін жергілікті бюджеттерге қайта бөлу бойынша нұсқаларды пысықтап жатырмыз”, – деді Жұманғарин.
Серік Жұманғарин реформа нәтижесінде Қазақстанның салық жүйесі қайта теңгерімделеді дейді.
“Реформадан кейін ЖІӨ компоненттері бойынша салық ауыртпалығы бизнестің өзіндік құнынан тұтынуға ауысады. Бұл жағдайда пайдаға салынатын салық ауыртпалығы өзгеріссіз қалады. Кәсіпорындардың экономикасы қалыпты жағдайға оралады. Осылайша, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, реформаның мәні бюджетті толықтыру үшін салықтарды көтеру емес, бизнестің өзіндік құнын төмендету және қосымша құн салығы тізбегінің барлық қатысушылары үшін неғұрлым әділ жағдайларды қамтамасыз ету болып отыр”, – деп түйіндеді ол.