Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйдің жанындағы білім: Bank RBK Астанада LEDS орталығының ашылуын қолдады

Астанада Bank RBK қолдауымен ашылған LEDS отбасылық білім беру орталығы жұмысын бастады. Банк бөлген қаржы жаңа форматтағы заманауи орталықты іске қосу үшін ғимарат сатып алуға бағытталды. Бұл жерде балалар, мектеп оқушылары, студенттер және тіпті ересектер де жаңа білім алып, шет тілдерін меңгеріп, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытып, сондай-ақ жаңа достар мен пайдалы таныстар таба алады.

Енді сапалы білімді түрлі бағыт бойынша бір жерден алуға мүмкіндік бар. LEDS тұжырымдамасы осындай кешенді даму идеясына негізделген. Орталықтың басты артықшылықтарының бірі – қазақ, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей және түрік тілдерін қамтитын қуатты тіл бағдарламасы. Орталықтың форматы білім берудің барлық кезеңін қамтиды: Монтессори әдістемесі бойынша ерте даму мен мектепке дейінгі дайындықтан бастап, мектеп бағдарламасын меңгеруге көмек көрсетуге және жоғары сынып оқушыларына берік білім базасын қалыптастыруға дейін. Мұнда ҰБТ, мемлекеттік емтихандар, сонымен қатар НЗМ, РФММ және "Білім-Инновация" лицейі секілді жетекші мектептерге, оған қоса Қазақстан мен әлемнің жоғары оқу орындарына түсуге мақсатты түрде дайындайды.

"Bank RBK үшін әлеуметтік маңызы зор білім беру жобаларын қолдаған маңызды. Жаңа LEDS орталығы – дәл осындай бастамалардың бірі. Мұнда балалардың дамуына, жаңа білім алуына, қабілеттерін ашуына және қазіргі өзгермелі әлемде өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін кеңістік құрылған. Банктің қолдауы осы жобаның идеядан нақты іске айналуына ықпал еткеніне қуаныштымыз. Бұл – Астана үшін өте маңызды әрі пайдалы жоба. Серіктестерімізге сәттілік пен жемісті даму тілейміз", – деп атап өтті Bank RBK Басқарма төрайымы Наталья Акентьева.

Негізін қалаушы Абзал Мамбеталинов пен жұбайы Әселдің Білім беру орталығын ашу идеясы 2018 жылы, жас отбасы тұңғыш баласына мектеп іздей бастаған кезде пайда болған. Сол кезде қарқынды дамып келе жатқан елордада сапалы білім беру қызметтеріне, қосымша сабақтарға және балаларды дамытудың заманауи форматтарына сұраныс жоғары болды. Кейін Швейцарияда тұрған кезде, балалары еуропалық білім беру жүйесі бойынша оқып жүргенде, бұл идея жаңа серпін алды. Бұл тәжірибе тіл ортасының, ерте дамудың және баланың тек академиялық емес, шығармашылық, әлеуметтік әрі эмоциялық тұрғыдан да жан-жақты қалыптасуына бағытталған кешенді білімнің маңызын жаңаша бағалауға мүмкіндік берді.

"Біз үшін LEDS – сүйіспеншіліктен, ата-аналық тәжірибеден және балаларға сапалы әрі жан-жақты білім беруді "community center" тұжырымдамасымен ұштастыратын ерекше орта құру ниетінен туған жоба. Мұнда білім алушылар білім алып қана қоймай, бос уақытын да қызық өткізе алады. Орталығымыз таланттар ашылатын, өзіне деген сенімі қалыптасатын және болашақ жетістіктердің берік іргетасы қаланатын орынға айналады деп шын жүректен сенеміз. Бізге маңызды кезеңде қолдау көрсетіп, кәсіби сүйемелдеу жасағаны үшін Bank RBK-ға алғысымызды білдіреміз. Банктің арқасында көптен бері армандаған орталыққа арналған ғимаратты сатып алып, оны ашуға мүмкіндік алдық", – деді орталықтың негізін қалаушы әрі директоры Абзал Мамбеталинов.

LEDS орталығының жалпы аумағы – 850 шаршы метр. Мұнда 18 оқу кабинеті, спорт залы, шағын орталық, кең холл, мұғалімдер бөлмесі және демалыс аймағы жабдықталған. Академиялық бағдарламалардан бөлек, мұнда балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және тұлғалық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Орталықта актерлік шеберлік, шешендік өнер, сурет салу, би, балет, дзюдо және каратэ сияқты сұранысқа ие бағыттар жұмыс істейді. Жоба іске қосылған кезде LEDS алғашқы 19 оқушысын қабылдады. Қазір мектепке дайындық сабақтары басталды, ал мектепке дейінгі жастағы тәрбиеленушілер саны жақында 30-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Жазғы кезеңде орталық базасында "10 күнде 10 ел" атты бірегей тұжырымдама бойынша балалар лагері жұмыс істейді. Екі апталық алты маусым барысында онда шамамен 60 бала демалады.

Орталықта әлеуметтік бағытқа да ерекше көңіл бөлінеді. LEDS қазірдің өзінде "SOS Балалар ауылы Астана" мекемесінің бірнеше тәрбиеленушісіне жазғы лагерьде тегін демалуға мүмкіндік берді. Ал көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Сонымен қатар орталық табысының бір бөлігін қайырымдылық мақсаттарына бағыттауды жоспарлап отыр. Жобаның жүзеге асырылуы педагогикалық құрам мен әкімшілік қызметкерлер үшін 11 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта орталық ұжымын кеңейтіп, елордалық университеттердің көпжылдық тәжірибесі бар оқытушыларын, сондай-ақ шетелде, НЗМ мен РФММ-де білім алған жас мамандарды тартуды жоспарлап отыр.

LEDS орталығының ашылуы елорданың жекеменшік білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болды. Bank RBK қолдауымен Астанада оқу, шығармашылық, спорт және балаға қамқорлық біртұтас жүйеге біріктірілген кеңістік пайда болды. Бұл орта балалардың өз қабілеттерін сенімді түрде ашып, жаңа жетістіктерге ұмтылуына көмектеседі.

ҚНРДА берген 05.04.2021ж № 1.2.100/245/41 лицензия

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 09:00