УЕФА "Қайраттың" стадионына көңілі толмай, 81 мәрте ескерту жасаған
Фото:Алматы әкімдігі
Алматылық “Қайрат” футбол клубына УЕФА тарапынан Орталық стадионның техникалық және қауіпсіздік талаптарына сай келмеуіне байланысты 81 рет ескерту жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұны клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Baitassov Live YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
“Барлығы біледі — біздің стадион ескірген. Физикалық жағынан да, моральдық тұрғыдан да. “Селтикке” қарсы ойынды УЕФА ұйымдастырды. Сол кезде олардың комиссары келіп, барлық талапты тексеріп шықты. Нәтижесінде бізге 81 ескерту жасалды. Бұл, әрине, өте көп”, – деді Боранбаев.
Боранбаевтың айтуынша, “Селтикке” қарсы матч алдында клуб өкілдері УЕФА мамандарымен бірлесе жұмыс істеп, бірқатар кемшіліктерді түзеткен.
“Біз екі күн бойы сол мамандармен бірге жұмыс істедік. Соның нәтижесінде ескертулер санын 81-ден 21-ге дейін қысқарттық. УЕФА үшін ең маңыздысы – қауіпсіздік. Олар стадионға артық адам кіргізуге қарсы, әсіресе өту жолдарының бос болуын қатал бақылайды”, – деді.
Еске салайық, дәл осы Орталық стадионда “Қайрат” Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық “Селтикке” қарсы ойнаған еді. Ал топтық кезеңде алматылықтар мадридтік “Реалдан” 0:5 есебімен жеңілсе, кипрлік “Пафоспен” 0:0 тең түсті.
Бұған дейін де Орталық стадионның жағдайы жанкүйерлер мен спорт сарапшыларының сынына жиі ұшыраған. Сарапшылардың пікірінше, стадион төбесінің ашық болуы ауа райының қолайсыз кезінде көрермендер денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі

