УЕФА Еуропа лигасының жартылай финалға шыққан командалары анықталды
Футболдан УЕФА Еуропа лигасының ширек финалдық ойындары өз мәресіне жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Ширек финалда италиялық “Лацио” футбол клубы норвегиялық “Буде/Глимт” командасынан екі ойын нәтижесінде жеңіліп қалды. Бұл осы жарыстың басты сенсациясы болды. Осылайша қорытынды есеп 2:0, 2:3. Буде/Глимт жарысты әрі қарай жалғастырады.
Ағылшындық “Тоттенхэм” мәселені екінші ойында шешті. Франкфуртта өткен жауапты кездесуде Доминик Соланке пенальтиден гол соқты. Айта кетейік, Лондонда өткен алғашқы ойында 1:1 есебі тіркелген еді. Жалпы есеп 2:1, “Тоттенхэм” жартылай финалда.
Испаниялық “Атлетик Бильбао” клубы Шотландияның “Рейнджерсіне” қарсы жауапты кездесуді өз алаңында өткізді. Алғашқы матчта таблода есеп аша алмаған қос команда қарымта ойында барын салды. Бірақ “Сан Мамес” стадионында алаң иелері жеңіске жетті. Екі ойын нәтижесінде есеп 2:0, “Атлетик” келесі кезеңде.
Жартылай финалға ағылшындық тағы бір команда жолдама алды. “Манчестер Юнайтед” пен француздық “Лион” арасындағы қарымта кездесуде көрермен 9 голды тамашалады. Лионда өткен алғашқы матчта қос команда 2:2 есебімен аяқтаған еді. Манчестерде өткен жауапты ойында да негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Ал қосымша уақытта қос команда 5 гол соқты. Өз алаңында барын салған “Юнайтед” ойыншылары бұл ойында жеңісті жұлып алды. Матчтың соңғы минутында Хари Магуайр қарсылас қақпасына жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп 5:4, екі ойын нәтижесінде 7:6 есебі тіркелді. Жартылай финалда “Манчестер Юнайтед”.
½ финалда “Тоттенхэм” мен “Буде/Глимт”, “Атлетик” пен “Манчестер Юнайтед” командалары кездеседі. Алғашқы ойын 2 мамырда өтсе, жауапты матчтар 9 мамырға жоспарланған.
Айта кетейік, Еуропа лигасының финалдық ойыны 22 мамырда Испанияның Бильбао қаласындағы “Сан Мамес” стадионында өтеді.