Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төтенше жағдайлар департаменті Петропавлға шамамен 2,5 млрд текше метр су келетінін ескертті

Алдағы күндері Петропавлға үлкен су ағыны келу қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов ағынды су көлемі шамамен 2,5 млрд текше метр екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото gov.kz

Ол су көлемін есептеу кезінде көптеген факторлар ескерілгенін атап өтті.

“Сергеевкадан ағызылған су Петропавлға қарай жылжып келеді. Қазір Есіл ауданындағы Покровкада су көтеріліп жатыр. Петропавлға жететін су көлемі – шамамен 2,5 млрд текше метр. Су көлеміне әсер ететін басқа да факторлар бар. Бір жерде ылғал буланып жатса, енді  бір жерде Ақмола, Қостанай облыстарынан су ағып жатыр. Облыстың 30%-ын әлі қар басып тұрғанын да ескерген жөн. Ол да еріп, су болып ағады. Деректер күн сайын өзгеруі мүмкін. Аймақ үлкен болғандықтан әр жерде жағдай әртүрлі. Тимирязев және Айыртау аудандарында қар енді ғана еріп, шағын жылғалар қалыптасып келеді”, – деді М.Қанғожинов.

Су Қызылжар ауданындағы Долматово ауылынан өткеннен кейін Ресейдегі көршілес облыстардың аумағына қарай ағады. Солтүстікқазақстандық құтқарушылар су деңгейінің өзгеруі туралы ақпаратты ресейлік әріптестеріне әр екі сағат сайын жеткізіп отыр.

Бұған дейін бірінші вице-премьер Роман Скляр СҚО-дағы Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл эвакуациялауды тапсырғанын хабарлаған едік. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.

Сонымен қатар "ҚазАвтоЖол" ҰК су тасқыны салдарынан жабылған республикалық маңызы бар автожолдар санының артқанын мәлімдеді.

Батыс Қазақстан облысында 8 мал қорымын, сондай-ақ 14 сібір жарасы қорымын су шайып кетті. Олардың басым бөлігі Сырым ауданында орналасқан. Облыстық ветеринария басқармасы бұл аурудың қоздырғышы топырақта сақталатынын, сондықтан малдың ауру жұқтыру қаупі жоғары екенін мәлімдеді.

Талқылау