Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұтқаны қоймаңыз": Полиция телефон алаяқтары жиі қолданатын 10 сөйлемді атады

Фото: istockphoto.com

Полиция телефон алаяқтары жиі қолданатын 10 сөйлемді атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, мұндай қоңыраулардың мақсаты клиенттің мобильді қосымшасына қол жеткізу, ақшаны “қорғалған шотқа” өз еркімен аудартқызу немесе TeamViewer, AnyDesk, RustDesk, Hoptodesk, RudeDesktop секілді қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуға көндіру.

Алаяқтар құрбандарымен сөйлескенде көбінесе келесі сөйлемдерді қолданады: 

- “Ақшаңызды сақтау үшін оны басқа шотқа аударыңыз немесе депозиттен шешіп, басқа шотқа салыңыз” – жалған қауіп тудырып, адамды шатастырады.

- “Сізбен тергеуші немесе ІІМ, ҰҚК қызметкері сөйлесіп тұр. Тұтқаны қоймаңыз” – жалған беделге сүйеніп, қысым жасайды.

- “Бұл қоңырау туралы ешкімге айтпаңыз – құпия операция жүргізіліп жатыр” – жәбірленушіні оқшаулап, кеңес алуына кедергі жасайды.

- “Кілт сөзді өзгертуге өтінім түсті” – есепшотыңыздан айырылып қаласыз деген ой салады.

- “Мен байланыс операторының қауіпсіздік қызметіненмін. Қазір сізге код келеді, соны айтып жіберіңіз” – SIM-картаны немесе банк жүйесін ұрлау үшін қолданылады.

- “Депозиттегі қаражатты банк шотына аудару қажет” – ақшаны өз шоттарына аудартады.

- “Бұл – ұлттық қауіпсіздік қызметкері. Қай банкте шоттарыңыз барын айтыңыз. Карта мен депозитті дереу бұғаттау үшін деректеріңізді беріңіз” – барлық мәліметтерді жинап алып, кейін ақша ұрлайды.

- Жақыныңыз қиын жағдайға түсті (ЖКО, полиция, аурухана). Шұғыл ақша жіберу керек” – эмоциялық шабуыл жасап, уақыт береді.

- “Сіз сыйлық/өтемақы ұтып алдыңыз! Оны алу үшін салықты немесе жеткізу ақысын төлеуіңіз керек” – жалған пайда ұсынып, ақша бопсалайды.

- “Шотыңыздан ақша шешуге әрекет жасалды. Операцияны тоқтату үшін SMS-кодты айтыңыз” – құпия кодты алдап алады.


Алаяқтықтың жаңа түрі: Қазақстандық зейнеткерді қан тапсыруға шақырып, медицина қызметкері ретінде таныстырған


“Ешқашан CVV, PIN, картаның толық деректерін, SMS-кодтарды ешкімге айтпаңыз. Полиция, банк немесе байланыс операторлары ақша немесе код сұрамайды”, – делінген полиция кеңесінде. 

Еске салсақ, бұған дейін Астана тұрғыны мен полицейлер қарт кісіні телефон алаяқтарынан құтқарып қалған еді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 23:05
Талқылау