Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлемдегі ең таза судың бірі осында": Швецияда тұратын қазақстандық әйел барлық елде халық краннан су іше алмайды деген министр сөзін жоққа шығарды 

Жақында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы су мәселесі туралы айта келе, бүкіл әлемде Қазақстандағы сияқты адамдар ауызсуды краннан іше алмайтынын айтқан еді. Министрдің бұл пікірін желі қолданушысы, Швецияда тұратын блогер жоққа шығарды. Оның сөзінше, краннан ағатын суы таза елдер бар және соның бірі – өзі 15 жылдан бері тұратын Швеция елі. Елдегі суы өте пайдалы әрі дәмді және ол мемлекеттің арнайы құжатында көрсетілген дейді ол. Stan.kz тілшісі Рая Сәдуақасовадан Еуропадаға су мәселесі, Швециядағы ауызсудың таза болуына не әсер ететінін сұрады. 

Фото: Stan.kz / Рая Сәдуақасова / су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов

Сұхбаттардың бірінде министр Нұржан Нұржігітовке журналист "Неліктен біз бәріміз (қазақстандықтар – ред.) жай ғана краннан су іше алмаймыз, бөтелкедегі суды сатып аламыз? Бұл бір бизнеске айналып кеткендей" деп сұрақ қойды. 

"Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бұл әлемнің барлық жерінде бар. Егер бұл тек Қазақстанда болса, дұрыс бағытта қозғалмай жатырмыз деп айтуға болар еді", – деп жауап берді ведомство басшысы.

Бірақ Швецияда тұратын қазақстандық желіде видео жариялап, мәселенің олай емес екенін айтты. Тіпті краннан суды ағызып, оны видеода ішіп көрсетті. 

"Швецияда тұрамын. Бұл – біздің краннан ағатын су. Ол ең тұнық және таза. Бұдан 15 жыл бұрын Швецияға виза алмай тұрып, маған арнайы кітапша берді. Оны осы елдің елшілігі ұсынған еді. Сол кітапшаны ашып, Швеция туралы оқығанда, бірінші бетінде мынадай жолдар жазылған еді: "Швециядағы краннан ағатын су ең дәмді және ең пайдалы". Біздің саясаткерлер әлемнің барлық жерінде болмаған сияқты. Әсіресе, Швецияны көрмей қалғандай. Краннан таза су ішуге болатынын білмейді. Бұлай табыс табудың қажеті жоқ. Халық краннан ағатын қолжетімді суды ішуі керек. Солай істеңіздер!", – деді отандасымыз.

@rayapiraya2

 

♬ оригинальный звук - rayapiraya2

Отандасымыз бұл елде краннан ағатын су өте таза болғандықтан оны қосымша тазартпай іше беруге болады дейді.

"Толық келісу қиын. Мысалы, Швеция, Германия, Франция және басқа да кейбір елдерде краннан ағатын су ішуге толық қауіпсіз. Себебі ол қатаң тазарту және бақылау процестерінен өтеді. Қазақстанда жағдай күрделірек. Кейбір аймақтарда кран суын тікелей тұтынуға жеткілікті таза емес. Бірақ барлық елде кран суын ішуге болмайды деп айту дұрыс емес. Бұл инфрақұрылымның дамуы мен суды тазалау сапасына байланысты мәселе", – деп түсіндірді блогер.

Рая Сәдуақасова Швецияда судың таза болуын көпжылдық инвестициялар мен қатаң сапа стандарттарының нәтижесі дейді. 

"Елде су сапасына қатаң бақылау жүргізіледі. Сондықтан ол әлемдегі ең таза сулардың бірі саналады. Швецияда су бағасы Қазақстанға қарағанда айтарлықтай өзгеше. Әдетте, шведтер судың әр текше метріне (1000 литр) бекітілген бағаны төлейді. Бұл су алу, ағызу және тазартуды қамтиды. Орташа алғанда, бұл текше метріне шамамен 20-30 швед кроны 900-1400 теңгеге шақ", – деді әйел.

Ол тұрмыстық қажеттіліктерге, мысалы, шомылуға, киім жууға, ішуге және тамақ әзірлеуге орта есеппен адам басына күніне 150-300 литр су жұмсалатынын айтты. Судың құны адамның жеке тұтынуына байланысты өзгеріп отырады деді жерлесіміз.

Сонымен қатар желі қолданушылары Швециядан басқа Германия және Аустрия секілді елдерде де ауыз суды краннан іше беруге болатынын айтты.

"Францияда біз де краннан ішеміз", "Словакияда да ішуге болады, судың дәмі шынымен жақсы", "Италияда таза су краннан келеді", "Канадада ағын су ғажап. 6 айдан кейін мен ақ шаштар азайып, жаңа қара шаштар көп өскенін байқадым", – деп оқырмандар жарыса жазды. 

Енді біреулері Англияда ауызсуды ішу мүмкін емес екенін және жиіркенішті екенін жазды.

“Мен Францияда, Норвегияда және Данияда болдым және сол жақтағы краннан су ішкенмін. Мен достарымыз тұратын Нидерландыда болдым. Олар да ауызсуды еш қиындықсыз ішеді. Біздің достарымыздың Португалияда пәтері бар, ол жақтағы крандағы су да ішуге қауіпсіз”, – деді отандасымыз.

Бұдан бөлек Рая Сәдуақасова Еуропаның бірқатар елінде краннан алынған суды жоғары тазарту стандарттары мен сапаны қатаң бақылаудың арқасында ішуге қауіпсіз елдер тізімі мына басылымда жарияланғанын айтып берді.

  1. Швеция
  2. Норвегия
  3. Финляндия
  4. Дания
  5. Германия
  6. Нидерланды
  7. Швейцария
  8. Аустрия
  9. Исландия
  10. Франция
  11. Испания (ірі қалалар мен туристік аймақтарда)
  12. Италия (көптеген қалаларда)
  13. Ұлыбритания
  14. Бельгия
  15. Португалия
  16. Чехия
  17. Словения

Айта кетейік, Лос-Анджелес пен Канаданың Клирбрук қаласындағы су 19 АҚШ штаты мен тоғыз басқа елдің қалалары мен компаниялары қатысқан байқауда ең дәмді деп танылды. Қалалардағы судың сапасы бірнеше критерийлер бойынша бағаланды: дәмі, иісі, құрамының сапасы және тазалығы.

Әйелден Қазақстанда адамдардың таза су тұтынуын қамтамасыз етуге қажетті шаралар жайлы сұрадық.

"Қазақстандағы су ресурстарын басқару жаңаша әдістерді қажет етеді. Тазарту құрылғыларын жақсарту, заманауи фильтрация және су сапасына мониторинг жүргізу технологияларын енгізуге қаражат құю керек. Сондай-ақ халықтың суды дұрыс пайдалану мен экология туралы хабардар екенін білу маңызды. Су қоймаларын ластанудан қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуға тиіс. Бұл барлық адамдарды таза сумен қамтамасыз етуге көмектеседі", – деді Рая Сәдуақасова.

Рая Сәдуақасова Қазақстаннан тұрмыс құрғаннан кейін көшкен. Алайда туған жерге қашан оралатынын нақты айтпады.

"Қазақстанда отау құрып, шамамен үш жыл тұрдым. Содан кейін күйеуіммен және бірінші некемнен туған екі баламмен Швецияға көшіп келдік. Қазақстанға оралу жөнінде әзірге ниетім болған жоқ. Болашақта мүмкін, кім біледі.. Өмірде не болатынын ешқашан білмейсің, сондықтан алдын ала жоспар құрмаймын. Қазіргі уақытта балаларым ересек, олардың өз өмірі бар. Олардың жағдайының жақсы болғанын қалаймын және оларға, болашақ немерелеріме көмектескім келеді, сондықтан әзірге көшу жоспарда жоқ”, –  деді әйел.

Отандасымыз қазір әлеуметтік желіде өте белсенді. Шетелдегі және Қазақстандағы жағдайларға бейжай қарамай, әрқашан пікір бөлісіп отырады.

"Ғаламторда шетелдік күйеуіммен қалай тұратыным жайлы және қазақ қызының Швециядағы өмірі туралы айтып беремін. Біз қалай өмір сүріп жатқанымызды ашық көрсетемін. Күн сайын не болып жатқан оқиғалармен бөлісемін, ешқандай бүкпесіз. Қазір кәсіби тұрғыда ештеңемен айналыспаймын. Өйткені жақында ғана 10 жыл жұмыс істеген француз компаниясындағы әкімші және қабылдау бөлімінің қызметкері ретіндегі жұмысымнан кеттім. Менің жоспарым – екі жыл когнитивті мінез-құлық терапиясы мамандығына оқып, өз ісімді ашу және адамдарға психологиялық көмек көрсету. Швецияда зейнет жасында да білім алып, мамандық ауыстыруға болады", – деп түйіндеді қазақстандық әйел.

Талқылау