Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрмысқа шығатынын хабарлаған Абиба Әбужақынова мансабына қатысты мәлімдеме жасады

Абиба Әбужақынова Фото: instagram.com/abiba48

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова бірер күн бұрын тұрмысқа шығатынын айтып, сүйіншілеген еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыдан кейін жанкүйерлер оның спорттағы мансабын аяқтайтынын, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына бармайтынын айтып алаңдаушылық білдірген.

Алайда Абиба Әбужақынова бұл қауөсеттің бәрін жоққа шығарып, спорттан әзір кетпейтінін айтты.

"Мен әлі спорттан кеткен жоқпын, тағы 3-4 жыл күресемін, ИншаАллах. 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына барамын", – деп жазды ол сторисінде.

Сондай-ақ спортшының өзімен байланысқа шығып, көпшіліктің қызығушылығын тудырған өмірлік жарына қатысты сауалына жауап іздеп көрдік.

“Жеке өмірім туралы еш жерге айтқым келмейді. Тек бұл жайлы өзімнің инстаграм парақшамда ғана хабарлаймын”, – деді Абиба Әбужақынова.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда жарақатына байланысты ем қабылдап жатқанын, татамиге әзірге қашан оралатынын белгісіз екенін айтуда.

“Қазіргі таңда жарақатыма байланысты ем қабылдап жатырмын. Әзірге алдағы уақытта қандай жарыстарға баратынымды білмеймін”, – дебі Абиба.

Айта кетейік, Абиба Әбужақынова дзюдодан Қазақстан тарихында әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы. Ол 2025 жылғы Будапеште өткен біріншілікте күміс жүлде еншіледі. Бұған қоса 2 дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері. Әлемдік рейтингте өз салмағының көшбасшысы.

Абиба Әбужақынова 2024 жылы Париж Олимпиадасында бақ сынап, қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алған еді. Бірақ отандасымыз швециялық дзюдошы Тара Бабулфатке есе жіберген.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 10:04