Тұрғындар үйсіз қалуы мүмкін: Алматы облысында мектеп пен мыңнан аса үй Сібір жарасы бар аумаққа кіріп кеткен
Алматы облысы Іле ауданында жаңа балабақша мен мектеп және 1200-ге жуық үй сібір жарасы бар аумаққа кіріп кеткен. Бірақ, жұрт ауылда аты жаман аурудың ошағы бар дегенмен мүлде келіспейді. Өйткені, сібір жарасы анықталған жерде осы күнге дейін бір де бір қоршау немесе қауіпті аймақ екенін білдіретін таңба болмапты. Баспаналары талапқа сай емес жерде салынғанын естіген қараша енді үйсіз қаламыз ба деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бғдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Сібір ошағы шыққан аймақта жеке кәсіпкер арпа егіп, мал асырайды екен. Жанында мектеп, балабақша, тұрғын үйлер салынған. Енді ғимараттар толық сүріліп, санитарлық аумаққа енгізілмек. Ал қараойлықтар шешімге түбегейлі қарсы. Өйткені осы уақытқа дейін мал да, адам да сырқаттанбаған дейді тұрғындар.
“Мен бұл ауылда туып, өстім. Қайдағы сібір жарасының ошағы? Кімді алдамақ? Сібір ошағының болуы мүмкін емес. Мал да адам да ауырған емес. Ошақ бар деген жерге халық несие алып үй салды, сонда олардың ақшасы желге ұшып кеткені ме? Онда неге ертерек анықтамаған?”, – деді Алматы облысының тұрғыны Павел Бажгин.
Қараой халқы ошақ бар деген күннен бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып біттік дейді. Тіпті ақпараттың анық-қанығын білу үшін арнайы комиссия құрып, зерттеу жұмыстарын да жүргізген екен.
“Ауыл тұрғындары болып санитарлық қызметтің көмегімен біз 50 см көлемінде экспертиза алып, тексерткенбіз. Ол жерде ешқандай бактерия, ештеңе жоқ деп шешім шығарды. Енді жаңадан тағы 1 нүктені тауып жатыр. Ол қайдан шыққан? Ешкім нақты жауап бермейді”, – деп наразылық білдірді тұрғын Дулат Бармашиков.
Ал облыстық ветеринария басқармасы мамандары Қараой ауылдық округінде сібір ошағы 65 жылдан бері бар дейді. Айтуларынша, 1959 жылы аймаққа сібір жарасынан өлген малдар әкеліп көмілген. Бірақ жергілікті әкімдік өкілдерінің салғырттығынан 2012 жылы көмілген аймаққа үй салу үшін жалға беру шарттары жасалып кеткен екен.
“Енді біз өз тарапымыздан Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық Институтымен бірігіп, биологиялық қауіпке байланысты санитарлық-қорғау аймағын қысқартуға биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізу жұмыстары жоспарлап отырмыз. Зерттеу қорытындысын алғанннан кейін облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті жүргізілген жұмыс нәтижелерін жинақтап, санитарлық-қорғау аймағының мөлшерін өзгерту туралы қорытынды шешім қабылдаймыз”, – деді Алматы облысы ветеринариялық шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлнәз Демесинова.
Әзірге аумақтың мың метрден неше метрге дейін қысқаратыны белгісіз. Дегенмен сала мамандары қарашаға төнетін қауіп те, алаңдауға негізде жоқ деп сендіріп отыр.