"Кешкі 8-9-ға дейін жұмыстамын": Астана әкімі уақыт белдеуінің ауысуы қызметіне қалай әсер еткенін айтты
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты тұрғындардан шағым жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінен белдеудің өзгеруіне қатысты сауал қойылған.
“Мен таңғы 07:00-ден бастап, кешкі 8-9-ға дейін жұмыстамын, сондықтан мен үшін ешқандай өзгеріс жоқ. Біз ай сайын аудан тұрғындарымен кездесіп тұрамыз. Бұл кездесулерде жүздеген мәселе көтеріледі, оған журналистер де қатысады. Бұл мәселе (уақыт белдеуінің өзгеруі – ред.) бірде-бір рет көтерілмеді. Соңғы жарты жылда 5-6 рет осындай кездесу өткізілді. Халықты мазалайтын мәселелер қалада аз емес”, – деді Жеңіс Қасымбек.
Еске салайық, бұған дейін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте LRT құрылысы жайында баяндаған еді.
“2026 жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау жоспарланған, оның ішінде Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдайақов көшесінің бойындағы LRT эстакадасы астындағы аумақты абаттандыру қарастырылған”, – деді өз баяндамасында Жеңіс Қасымбек.