Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мәселелерді шешуге шетелдік мамандар көмектеспек

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мәселелерді шешуге шетелдік мамандар көмектеспек

Фото: Ru.freepik.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізі факторы екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ондаған жыл бойы қараусыз қалып, оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсуіне Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігін кінәлады.

“Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар. Мұндай үлгі бойынша, тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс. Бұл іске “Ақылды қала” құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек. Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет”, – дейді мемлекет басшысы.

Ол мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес екенін атап өтті.

“Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па дегенді жаңаша зерделеген жөн. Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекешеге өтеді. Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы. Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонда Үкіметке және әкімдіктерге азаматтардың сенімі нығая түседі”, – деді Тоқаев.

Президент коммуналдық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұрылымдар мен тұрғын-үй қорын энергияны үнемдеуге көшіру шараларымен қатар жүруге тиіс екенін жеткізді7

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 12:42
Талқылау