Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алдағы жылдары баспана бағасы төмендемейді — Отбасы банк басшысы

Фото: freepik.com

Қазақстанда алдағы жылдары тұрғын үй бағасының төмендеуі екіталай. Мұны Үкімет отырысында “Отбасы банк” басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты. Оның сөзінше, жылжымайтын мүлік нарығына демографиялық фактор әсер етіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ибрагимова 2000 жылдардың басында елде туу көрсеткіші күрт артқанын еске салды. Банк басшысының айтуынша, сол кезеңде туған жастар қазір тұрғын үй нарығына шыға бастады.

“2000 жылы туғандар қазір 26–27 жасқа келді. Сәйкесінше, олар тұрғын үй нарығында өте жоғары сұраныс қалыптастырып отыр”, – деді банк төрайымы.

Сонымен қатар жаңа отбасылардың құрылуы да тұрғын үй нарығына қосымша жүктеме түсіріп отыр дейді. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 120–130 мың неке тіркеледі.

“Жаңа отбасы құрылған кезде олардың алғашқы жоспарларының бірі – пәтер сатып алу”, – деді ол.

Банк басшысының сөзінше, алдағы жылдары жылжымайтын мүлік нарығына дәл осы демографиялық фактор айтарлықтай әсер етеді.

“Бағаның өсуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бағаның төмендемейтіні анық. Мұны нақты айта аламын”, – деді Ибрагимова.

Оның айтуынша, қайталама тұрғын үй нарығында баға бір деңгейде тұрып қалуы мүмкін. Ал жаңа тұрғын үйдің бағасына құрылыс материалдарының құны мен саладағы жалақы деңгейі әсер етеді.

“Алайда демография мен қазіргі көрсеткіштерге қарасақ, бағаның төмендеуі екіталай”, – деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, бұған дейін Елімізде қолжетімді коммерциялық ипотека көлемі артатынын жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 12:18