Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұран" футбол клубы сатылымға қойылды

Тұран фкФото:”Тұран” фк

Түркістан облысының намысын қорғайтын "Тұран" футбол клубы сатылымға шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұны  E-qazyna.kz порталы хабарлады.

Клубтың бастапқы бағасы 1 054 000 теңге. Аукционға қатысу үшін 158 100 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет. Портал мәліметінше, клубты бір ғана қатысушыға сатуға рұқсат етіледі.

Сатып алушы 10 жыл ішінде бірқатар міндеттемелерді орындауы тиіс. Атап айтқанда:

    •    клубтың негізгі қызмет бағыты мен қызметкерлер құрамын сақтау;

    •    клубқа инвестиция тарту;

    •    жастар футбол академиясын ашу;

    •    әйелдер футбол командасын дамыту;

    •    соңғы бес жылда жергілікті ірі стадиондармен келісімшарттары бар материалдық-техникалық базаның болуы;

    •    2027 жылдан бастап Қазақстан Премьер-лигасына тұрақты қатысу;

    •    спорт саласында кемінде бес жылдық тәжірибенің болуы;

    •    клубты сенімгерлік басқаруға бермеу немесе үшінші тұлғаларға иеліктен шығармау.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жекешелендіру рәсімінің басталғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта клубты бәсекелестік ортаға беру мақсатында әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, келісімшарт негізінде жұмыс істеген бапкерлер мен футболшылардың еңбек шарттары маусым қорытындысымен, 2025 жылдың желтоқсан айында, мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылған.

Ақерке Өмірхан
Сенбі, 28 Ақпан, 2026 01:05