Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл: Ақтауда халықаралық би фестивалі өтті

19-20 қазан күндері Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық би фестивалі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Фестиваль аясында бірнеше мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, оған Қазақстанның түкпір-түкпірі мен Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген 24 өнерпаз қатысты.

Фестивальдің алғашқы күні Ақтау қаласындағы Достық үйінде Алмас Бекбосыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ашылды. Бұл шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжан Талпақова, Бекбосыновтың туыстары Сара және Ақмарал Бекбосыновалар, сондай-ақ Қазақстанның мәдениет саласының үздіктері қатысты.

Көрмеден кейін Алмас Бекбосыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетіліп, дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жеке орындаушылық жанр және оның аспектілері талқыланған бұл жиында сарапшылар өз пікірлерімен бөлісті, ал шара қорытындысында арнайы қаулы қабылданды.

Фестивальдің ресми ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев қатысушылар мен қонақтарға алғыс білдіріп, Алмас Бекбосыновтың қазақ би өнеріндегі орны мен оның мұрасын атап өтті.

"Сіз бен біз бүгін ерлердің арасынан шыққан тұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов туралы тың туындыны тамашаладық. Кенен Әзірбаевтай тұлғаны тудырған топырақтан жаралған Алмас Бекбосыновтай тума таланттың өмір жолы мен шығармашылығымен таныстық. Қазақ классикалық би өнерін биікке шығарған, небәрі 50 жыл өмір сүріп, артерлік шеберлігімен елден ерек болған Алмастай тұлғанының рухын құрметтеп, біздің шақыруымызды қабыл алып, іс-шараның ойдағыдай өтуіне  қолдау көрсеткендеріңізге алғыс білдіремін!" – деп тілегін білдірді фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әбішев Тілеген Ақанұлы.

Сол күні фестивальдің бірінші кезеңі басталып, қатысушылар өз өнерлерін көрсетті.

20 қазан күні қазылар алқасы фестиваль қатысушыларына және би ансамбльдерінің әртістеріне шеберлік сабағын өткізді. Фестивальдің екінші кезеңінде өнерпаздар әртүрлі ұлттардың биін орындап, өзара сынға түсті.

Фестиваль қорытындысы бойынша үздік қатысушылар анықталып, арнайы жүлделермен марапатталды.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы жүлдесін үш өнерпаз иеленді. Олар Қаракөз Мұрат (Атырау), Амангелдіұлы Есдаулет (Маңғыстау) және Камила Бекмұханбетова (Ақмола).

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Қазан, 2024 17:20