Туу көрсеткішін арттыру үшін "пәк қыздарды импорттау" туралы ұсыныс жасаған: Оңтүстік Кореяда жанжал шықты

Оңтүстік Кореядағы бір өңір басшысы провинциялық аймақтарда халық санының кемуін тоқтату үшін “Шри-Ланка мен Вьетнамнан пәк қыздарды импорттауды” ұсынғаннан кейін қоғамда үлкен наразылық туды. Чиндо уезінің губернаторы Ким Хи-су Чолла-Намдо провинциясы тұрғындарының жиналысында провинциядағы тоғыз қала мен уезді Кванджу қаласымен әкімшілік тұрғыда біріктіру мәселесін талқылауды ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Scmp.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Maeil іскерлік газетінің ақпаратына сәйкес, губернатор:
“Халық саны азайып жатқан елдегі 89 өңірдің 20% Чолла-Намдо провинциясында орналасқан. Біз бұл “жойылып кету” дағдарысын шешуіміз керек. Халық санының күрт төмендеуі 2000-жылдардың өзінде-ақ болжанған, бірақ үкімет бейқамдық танытты. Қала мен уездің мүшкіл жағдайына байланысты біз мұны өзгерте алмай отырмыз”, – деп айтқан.
Оның айтуынша, біріктіру тек өнеркәсіпті дамытуға емес, сондай-ақ халық санының азаюы мәселесін шешуге бағытталуға тиіс.
“Адам болмаса, саланы құтқарудың мәні қандай? Біз Шри-Ланка мен Вьетнамнан “пәк қыздарды әкеліп, ауылдық жердегі бойдақтарға үйлендіру” сияқты ерекше шараларды енгізуіміз керек”, – деді губернатор.
Жергілікті Newsis агенттігінің мәліметінше, Кимнің бұл сөзі тікелей эфирде көрсетілген жиынға қатысқан 100-ден астам адам арасында ғана емес, бүкіл ел бойынша да наразылық туғызған.
Кванджу мэрі Кан Ки-джун бірден қарсылығын білдірді.
“Шешімнің түрі көп болуы мүмкін, бірақ шетелдіктер, неке және табыс мәселесін бұлай қою – дұрыс нұсқа емес. Өңірде өнеркәсіп дамыса ғана туу көрсеткіші де, халық саны да өседі. Ең алдымен өнеркәсіпті дамытуымыз керек”, – деді ол.
Жиынға қатысқан өзге адамдар да Кимнің ауылдық қауымдардың жойылып кету қаупіне алаңдаушылығын түсінетінін айтты, алайда шетелдіктерді “импорттау” деп айтқаны және нақты елдерді көрсеткені “дөрекі” болды деп мәлімдеді.
“Оның мәлімдемесінде көпмәдениетті ерекшеліктер, адам құқықтары және гендерлік сезімталдық ескерілмеді”, – деді қатысушылардың бірі.
BBC былтыр тамызда Оңтүстік Кореяда туу деңгейі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі екенін хабарлаған. Ел өзінің антирекордтарын жиі жаңартып келеді: 2018 жылы – бір әйелге шаққанда 0,98 туу, 2020 жылы – 0,84, 2023 жылы – 0,72 және 2024 жылы – 0,75. Осы үрдіске сүйенген сарапшылар 50 миллион халқы бар елдің тұрғындары 60 жыл ішінде екі есеге қысқаруы мүмкін деп болжап отыр.
Бұл жағдай, оған қоса жастардың жұмыс пен мүмкіндік іздеп ауылдан астана Сеулге жаппай көшуі ауылдық қауымдар мен шағын қалаларды жойылып кету шегіне жеткізді.
Үкімет ауылдық жерлерде осы үрдісті өзгертуге тырысып жатыр. Былтыр желтоқсанда “ауыл тұрғындарына арналған базалық табыс” бағдарламасын іске қосты. Халық саны 50 мыңнан аспайтын, “халқы азайып жатқан” 10 ауданда тұратын азаматтарға екі жыл бойы ай сайын 150 000 вон (шамамен 100 доллар) көлемінде ваучер беріледі.
Дегенмен Оңтүстік Кореяға шетелдіктердің келуі артқан. Yonhap агенттігінің Әділет министрлігіне сілтеме жасап хабарлаған ақпараты бойынша, былтыр қол астына алынған жаңа азаматтар саны 11 мыңнан асып, COVID-19 пандемиясы басталғалы бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен.
Дерек бойынша, былтыр қаңтардан желтоқсанға дейін 18 623 шетел азаматы Оңтүстік Корея азаматтығын алу үшін өтініш берген. Соның 11 344-і мақұлданған. Ең үлкен үлес (56,5%) – Қытай азаматтарына тиесілі. Одан кейін вьетнамдықтар (23,4%), филиппиндіктер (3,1%) және тайлықтар (2,2%) келеді.
Сондай-ақ бұрынғы оңтүстіккореялықтардың азаматтығын қайта қалпына келтіруі де артқан: былтыр мұндай адамдар саны 4037 болды, ал 2024 жылы – 3607.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяда зауыттағы өрттен кейін қазақстандық жоғалып кеткені хабарланған еді.
Алматы облысында кәсіпкер қараусыз қалған ғимаратты қалпына келтірген, алайда әкімдік оны тартып алған