Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорыққаннан 236 адам биіктен секірген: Түркиядағы жер сілкінісінде зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтар бар ма

Фото: TRT Haber

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Сәуірдің 23-і күні Түркияның Ыстамбұл қаласында 6,2 балдық жер сілкінісі болды. Қазір афтершоктар жалғасып жатыр.

"Қазір Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарынан Ыстамбұлдағы бас консулдыққа ешқандай өтініш түскен жоқ. Министрлік жағдайды Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесе қадағалап отыр", – деп хабарлады министрлік.

Ыстамбұлдағы Қазақстанның бас консулдығының консулдық есебінде 1 137 Қазақстан Республикасының азаматы тіркелген.

Елшілік қаладағы қазақстандықтарды сабыр сақтауға, барынша сақтық танытуға және жергілікті биліктің барлық нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырды.

Айта кетейік, Ыстамбұлда жер сілкінісі кезінде қорыққаннан биіктен секірген 236 адам жарақат алған.

“Қорқып биіктен секірген 236 адам жарақат алды. Олар ауруханада ем алып жатыр. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ", – деп хабарлады Ыстамбұл әкімшілігі.

Түркия парламентінің төрағасы жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді.

“Ыстамбұл мен айналасында сезілген қатты жер сілкінісімен бітпе-бет келдік. Бұл жер сілкінісін ешқандай зардапсыз өткереміз деп үміттенеміз. Алайда Ыстамбұлда болжанған ауыр жер сілкінісі кез келген уақытта болуы ықтимал. Сондықтан жан-жақты дайын болуымыз керек”, – деді Нуман Куртулмуш.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Сәуір, 2025 17:52
Талқылау