"Дүкендерді, мешіттерді паналадық": Түркиядағы қазақстандық студент елдегі соңғы жағдайларды айтып берді
Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстігінде ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні жойқын зілзала болды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Түркияның төтенше жағдайлар агентігі қаза тапқандар санын 6957-ге жеткендігін мәлімдеді. Ал Сирия араб республикасының мемлекеттік БАҚ 2500-ге жуық адам опат болды деп хабарлайды. Stan.kz тілшісі Түркияның Кайсери қаласындағы отандасымызбен елдегі соңғы жағдайларды сұрастырып білген еді.
Ернар Абзалұлы, дереккөз
Ернар Абзалұлы Кайсери қаласындағы Эрджиес университетінде діндер тарихы мамандығының докторонтурасында екінші курста оқиды. Отбасымен бірге Кайсери қаласында тұрады. Кәмелет жасына толмаған балалары бар. Үлкенінің жасы төртте болса, кішісі екі айлық сәби.
Алғашқы ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні көпқабатты тұрғын үйдің қасындағы дүкенді үш-төрт сағат паналаған. Одан кейін қайта үйлеріне оралған. Екінші жер дүмпуі сезілгенде, спорт салонында түн жарымына дейін болып, одан кейін Кайсеридегі мешіттердің бірінде таң атырған.
"Ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні таңғы сағат 04:17-де жер сілкінді. Біз қалың ұйқыдан шошып оянып, үйдің теңселгенін сездік. Келіншегіммен бірге балалар мен заттарымызды алып далаға шығуға асықтық. Шаһар халқы жанталаса жүгіргенде, екінші дүмпуді баспалдақтан түспей жатып сездік. Бірақ біздің Кайсери қаласында зардап шеккендер жоқ. Қираған үйлер мен ғимараттарды да көрмедік. Екі күн көшеде қонған соң, балаларымызбен шыдай алмай үйге қайттық. Басқа да таныс қазақтар жақын жерлерде мешіттер мен мейрамханаларға қонуға мәжбүр болдық. Балаларға мұндай жерлер үйдегідей жылы емес.
Қазіргі кезде елдегі жағдай нақты тұрақталды деген ақпарат та жоқ. Бұл бір үлкен зілзала болды. 1939 жылы Түркияның оңтүстік-батысында мұндай зілзала 7-8 баллдық магнитуда да болыпты. Түркияның оңтүстік-шығысында да бұрын сонды мұндай болмаған екен. Бір ғасырдың ішінде болған жағдай. Түркия сейсмикалық жағынан қауіпті аймақтардың бірі. Мәрмар, Эгип теңіздерінің жағалауы және Кахраманмараш, Диярбақыр, Шанлыурфа деген қалалар қатты зардап шекті. Біз тұратын Кайсери қаласы елдің орталық бағытында орналасқан. Мұндағы тұрғын үйлер мен ғимараттар басқа қалалардағыдай зардап шеккен жоқ. Бірақ бізде 7-8 баллға жақын жер дүмпуі болып өтті. Кахраманмараш қаласы Кайсериден 120 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Ондағы жер сілікінісінің салдары бізге де сезілді", – дейді отандасымыз.
Ернар Абзалұлы, жеке архивтен
Ернардың айтуынша, Түркияда соңғы күндері күн қатты суытыпты. Қираған аймақтарға жақын орналасқан қала тұрғындары қатты қорқып қалған.
"Ел халқы әбден қорқып қалды. Үшінші күн бойы адамдар қаладағы мешіттер, мейрамханалар, дүкендер мен ойын сауық орталықтарын паналауда. Түркияда күнде суып кетті. Мұндай ауа райының қолайсыздығы да болмайтын. Қазағымыз "жұрт жеті ағайынды" деп айтқандай, түрік халқы бірінен соң бірін көріп жатыр. Осында оқып жатқан соң, бізде шаһар тұрғындармен басымыздан өткеріп жатырмыз
Таңертең дүкендердің кейбірінен нан жетіспеушілігін байқадым. Бұл әртүрлі жұмыс орындарының жабық тұрғандығынан ғой. Көптеген адам жұмыстарын тастап, қаладан кетіп қалған. Кеше кешкісін дүкендерде су тапшылығы болды. Көрші қалаларға гуманитарлық көмек ретінде азық-түліктер жөнелтілуде. Басқа қиындықтар сезілмейді. Дүкендер мен сауда орталықтары тауарлардың бағаларын өсіріп жатқан жоқ. Қайта автобус немесе ұшақ компаниялары зардап шеккен Кахраманмашар, Газиантеп қалаларына еріктілерге тегін билет беруде. Билеттерді 80-90% арзандатып та жатыр. Түркия президентінің жарлығымен жеті күндік аза тұту күні жарияланды. Сондықтан үлкен сауда орталықтарының жұмыстары шектелетін сияқты", – дейді қазақстандық студент.
Сөзінше, жер сілкінісінің үлкен дүмпулері аяқталды деген ғалымдардың жақсы хабарлары да бар екен.
"Ғалымдар 7-8 баллдық дүмпу болмайды, афтершок сақталып тұр дейді. Афтершок 3-4 баллдық дүмпумен жақын маңдағы қалаларға сезіледі деп жатыр. Мұндай кезде көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар теңселіп тұрады екен", – дейді екі ұлдың әкесі.
Дегенмен де қала мэрі мен төтенше жағдайлар қызметі Кайсериде қауіп жоқтығын хабарлапты.
"Қалада миллионнан астам халық тұрады. Инфроқұрылымы өте жақсы. Алғашқы күндері көшелерден халық кептелісін көрген жоқпыз. Жақын жерлерде кез келген сыймдылығы үлкен ғимараттар бар. Сондай орындарды тұрғындар паналауда. Жергілікті атқамінерлер де ыстық тағамдар таратып жатыр. Ешқайсысы аянып жатқан жоқ. Басшылар зілзалаға төтеп бере алатындарын айтып, халықты сабырға да шақыруда. Сонда да шаһар тұрғындары алаңдаулы. Кайсери қаласының жартысы босап қалды. Көбісі саяжайлар мен ауылдардағы туыстарына кетіп қалған", – дейді дін маманы.
Отандасымыздың айтуынша, Қазақтан елшілігінен тікелей ешкім хабарласпаған.
"Бізге әлеуметтік желідегі мессенджерлер арқылы елшіліктен хабарламалар келуде. Өзімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Түркияда "Талаба" қауымдастығы бар. Оның осы елдегі жетекшісі Жандос Айтбай ағамыздың өзі хабарласып, хабарымызды білді. Қоғамдық қор қолдарынан келгенше жәрдем қылуда. Моральдық және материалдық жағынан да көмектесуде", – дейді ер адам.
Кейіпкеріміздің қираған қалалардағы оқып жатқан қазақстандық студенттерден танитындары жоқ екен.
Түркияның Стамбул, Бурса қалаларындағы таныстарымызға жердің дүмпулері сезілмеген.
"Кайсериде қазақстандық студент көп. Бәріміз бір-бірімізбен байланыста отырмыз. Бізге жақын жерде тұратын бес-алты отандасымыз бар. Көбісінің бала-шағалары да бар. Осындай суық күндері жаурап, сырқаттанып қалса қиын", – дейді ол.
Қадірәлі САРЫПБЕК