Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда екі ер адам айыппұлдарға қарсылық білдіріп, көшедегі камераларды қиратып кеткен (видео)

Фото: Видеодан скрин

Түркістан қаласында екі ер адам айыппұлға қарсылық ретінде бейнебақылау камераларын қасақана сындырып кеткен. Оларды полиция қызметкерлері қолға түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға қала көшелерінің бірінде болған. Белгісіз адамдар төрт камераны сындырып, 700 мың теңгеден астам шығын келтірген.

Тергеу мәліметінше, түнгі сағат шамамен 01:00-де бетперде киген екі жас жігіт ұзын таяқтың көмегімен құрылғыларды істен шығарған. Полиция қызметкерлері жақын маңдағы камералардың жазбаларын зерттеп, күдіктілердің қозғалыс бағытын анықтаған. Кейін жедел-іздестіру шаралары барысында олар ұсталды.

Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

“Күдіктілер жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарға наразы болғандықтан осындай қадамға барғандарын мойындады”, – делінген хабарламада. 

Полиция азаматтарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және заң талаптарын сақтауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Елімізде жиі заң бұзатын жүргізушілерге айыппұлға берілетін жеңілдікті алып тастау ұсынылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 29 Наурыз, 2026 10:27