Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам 11 жастағы қызға азғындық жасамақ болып, кездесуге шақырған: Күдікті Түркістанда ұсталды

Түркістанда белсенділер эксперимент жасап педофилия бойынша күдіктіні ұстады: Ер адам жазаланбауы мүмкін

Фото: Видеодан скрин

Түркістанда Жаңа адамдардың “124” азаматтық науқаны әлеуметтік желілерде эксперимент жүргізіп, “Адам Адамов” атты жалған аккаунтпен жасырынған ықтимал педофилді әшкереледі. Ер адам 11 жасар қызбен интимдік байланыс орнатуға тырысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Белсенділер Түркістандағы балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына төнетін қауіп деңгейін тексеру үшін әлеуметтік желіде 11 жасар қыздың анкета ашты. Алғашқы күннің өзінде 20 жастан асқан ер адамдардан ондаған хабарлама келді. Олардың қыздың жасы еш алаңдатпады, керісінше, көпшілігі оның 11 жаста екеніне қызыққан. 

Жасөспірімді әңгімеге тартпақ болғандардың бірі қызды кездесуге үгіттеген. Соңында белсенділер кездесуді ұйымдастыруға бел буған. Қыздың орнына кездесуге “Жаңа адамдар” қозғалысының өкілдері келген. Ер адам ұсталып, бүкіл хат-хабарлар мен дәлелдерімен бірге құқық қорғау органдарына тапсырылды.

“Ер адам ешкім көрмейтін тыныш жерде кездесуді ұсынып, ұятсыз суреттер жолдады. Жалған аккаунт иесі 2002 жылы туған, Жанарық ауылынан шыққан Сауранбай Базарбек Ибадуллаұлы болып шықты. Сырт көзге — қарапайым азамат, ал шын мәнінде — балаларға қауіп төндіретін ықтимал педофил”, – деп жазды “Жаңа адамдар” қозғалысы.

Қозғалыстың баспасөз қызметі бұл тәжірибенің екі айға созылғанын айтты.

“Хат алмасу барысында біз қыздың атынан жасы 11-де екенін бірнеше рет ескерттік. Базарбектің барлық сұмдық өтініштеріне бірден келісу — арандатушылық болар еді, ал ол хат алмасу кезінде кәмелетке толмаған баланы азғыруға бар күшін салды. Бұл мәселе — өзекті, сол себепті эксперименттер жалғасын табады. Осы уақыт ішінде біздің аккаунтқа шамамен 90-ға жуық ер адам жазды. Өкінішке қарай, мәселе бар, біз ықтимал педофилдермен күресті жалғастырамыз, олардың басты артықшылығын — анонимділігінен айырамыз”, – деп мәлімдеді қозғалыс өкілі.

Сондай-ақ ол ықтимал педофилдің қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы мүмкін екенін айтты.

“Сауранбай Базарбек Ибадуллаұлы Түркістан қалалық орталық полиция басқармасына тапсырылды. Барлық деректер мен хабарламаларды құқық қорғау органдарына бердік. Бұл экспериментте шынымен де кішкентай бала болмағандықтан, оған қылмыстық жаза қолданылуы екіталай. Алайда біз деректерді полиция тексерсін деп тапсырамыз, әрі қарай не болатыны — полицияның құзырында, оған араласуға біздің құқымыз жоқ. Біз азаматтық ісімізді, қолымыздан келгенді жасадық”, – деді “Жаңа адамдар” қозғалысының өкілі.

Айым Болатқызы
Жұма, 03 Қазан, 2025 11:30
Талқылау