Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан тұрғыны бүйрегін 13 миллион теңгеге сатпақ болған

Түркістан тұрғыны бүйрегін 13 миллион теңгеге сатпақ болды

Фото: depositphotos.com

Түркістан тұрғыны бүйрегін 13 миллион теңгеге сатпақ болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылғы 27 ақпанда Түркістан қаласының 27 жастағы тұрғыны Марат М. Telegram әлеуметтік желісінде адам ағзаларын сатып алу-сату үшін арнайы ашылған аккаунтта өз бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған.

Арада бірнеше күн өткен соң оған өзін "Асқар" деп таныстырған сатып алушы байланысқа шыққан. Ықтимал донор мен реципиент жеке кездесуге келіскен. Кездесу Түркістандағы беделді мейрамханалардың бірінде өткен.

Марат бүйрегін 13 миллион теңгеге бағалаған. Сатып алушы бұл сомаға келісіп, медициналық тексеруден өту үшін сатушыға бірден қолма-қол 100 мың теңге берген.


Донор іздеп, қызметі үшін 10 миллион алған: Алматыда қылмыстық топ науқас жандарға бүйрек сатумен шұғылданған


Келесі кездесу Түркістандағы медициналық орталықтардың бірінде өтуі тиіс болған. Мұнда Марат тексеруден өтіп, операция жасалуы керек еді. Тараптар мәміленің соңғы шарттарын талқылаған. Сатып алушы 5 миллион теңгені алдын ала төлеуге, ал операциядан кейін қалған соманы беруге тиіс болған. Алайда Марат бес миллион теңгені қолына алған сәтте оны санитарлар мен дәрігерлер емес, полиция қызметкерлері мен тергеушілер қоршап алған.

Ер адам ағзаларын заңсыз сату әрекеті бойынша айыпталып, соттың санкциясымен тергеу изоляторына қамалған.

Сот отырысында Марат бүйрегін сатуға қаржылық қиындыққа байланысты барғанын айтқан.

Түркістан ауданаралық сотының төрағалық етуші судьясы Құрманғали Дүйсебеков айыпталушыны кінәлі деп таныды. Алайда кінәсін мойындауы, өкінуі, бұрын сотталмағаны және өзге де жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сондай-ақ ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистияны қолдану арқылы сот айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Бұған дейін қамауда отырған күдікті үкім жарияланғаннан кейін бірден сот залында босатылды.

Оған тек 840 теңге көлемінде процессуалдық шығындарды төлеу міндеттелді. Бүйрек үшін алдын ала берілген бес миллион теңге муляж болып шықты және жойылатын болады. 

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде қарыздарынан құтылу үшін бүйрегін сатпақ болған ер адам сотталған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 20:45