Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысындағы, Шарындағы қайғылы жағдайдан соң туристік операторларға қатаң талаптар қойылды

 

Шарын шатқалындағы қайғылы жағдай мен Түркістан облысында жоғалған туристердің оқиғасынан кейін Алматы қаласының туризм департаменті тур фирмалар мен нұсқаушы гидтерді тексеруге кірісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ешқандай лицензиясы болмаса да, сертификатсыз сан мың адамды автобусқа артып алып, өз бетімен тау-тас аралайтын тур фирмалар аз емес болып шықты. Оның үстіне гидтер мен тур фирмаларға сертификат беретін тек бір ғана қауымдастық бар. Шарын шатқалындағы трагедия көпшіліктің отандық туризмге деген сенімін сейілтті. Ал Түркістан облысындағы жоғалған жеті туристке қатысты жағдай еліміздегі тәртіп пен талапты күшейту керектігін көрсетті.

“Егер жоғарғы жақтан осындай талап болса, егер талаптар орындалатын болса мұндай жағдай болмас еді. Себебі онда кіріп-шыққан адамды есепке алып отыратын органдар болуы керек қой. Осындай мүмкіндік болмағаннан кейін, өкінішке қарай, қайғылы жағдай орын алып отыр”, – дейді туроператор басшысы Меруерт Байдешова.

Мамандар әр демалыс орындарында жеке нұсқаушы гидтердің болғаны жөн дейді. Себебі қазір демалушылардың көбі дайындықсыз барады. Мәселен, Шарын шатқалындағы қайғылы оқиғада, оқушылардың кәсіби нұсқаушы гидтері болмағанын айтады.

“Бірінші көмек көрсетуге арналған аймақтарда маршруттарды дұрыс өткізулердің барлығын олар үйрену керек. Он екі адамға дейін бір топқа бір гид, одан көп болса екі гид. Біреуі топтың басында, екіншісі соңында жүруі керек. Және сол аймақты жақсы білуі міндетті”, – дейді Қазақстан Туризм қауымдастығы сертификаттау орталығының басшысы Зәйтүнә Ахиярова. 

Қазір заң бойынша тур фирмаларға лицензия алу қажет болса да, нұсқаушы гидтерге сертификат алу міндеттелмепті. Яғни кез келген адам гид бола алады дейді. Сондықтан да қазір өз еркімен туристерді тасмалдайтындар көбейіп кеткен.

“Қазақстанда гидтердің саны өте көп. Бірақ әрбір гид Қазақстандағы туристік ассоциациясының деңгейінде емтихан және экскурсиялық материалдарын тапсырып, әрбір бағытқа дайын болуы керек”, – дейді нұсқаушы гид Мұхит Мәулетқызы.

Қазақ туризм қауымдастығы соңғы оқиғаларды ескере отырып,  бірнеше заңға өзгертулер енгізу туралы Туризм Департаментіне өтініш беріпті. Өйткені биылғы жылдың өзінде тек 10 ғана гид нұсқаушы сертификат қорғаған. 

Талқылау