Түркістан облысында түлектер үйсіз отбасыға баспана сыйлады
Фото: Түлкібас ауданы әкімдігі
Түлкібас ауданында 2005 жылы мектеп бітірген үш мектептің түлектері көпбалалы отбасыға үй алып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түлкібас ауданында мектеп түлектерінің бастамасымен игі дәстүрдің жалғасыпа келе жатқанына 8 жыл болды. Сол жылы Абай атындағы мектеп-лицейінің 20 жылдық мерейтойын атап өткен түлектер бірінші болып баспанасы жоқ көпбалалы отбасына баспана сыйлаған еді.
Содан бері бұл дәстүрді кейінгі түлектер де жалғастырды. Бұл жолы Абай, Садықов және Ломоносов атындағы мектептерді бітірушілердің 20 жылдық мерейтойына орай аудан орталығынан тағы бір тұрмысы төмен отбасына алты бөлмелі кең, қосалқы құрылыстары бар үй алып берді.
Фото: Түлкібас ауданы әкімдігі
Жобаны жүзеге асыруға 13 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Оның 9 миллионы үй алуға жұмсалса, қалған қаражат күрделі жөндеуге және үйді жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықтауға кеткен.
Жаңа үйдің ауласында түлектер 300 адамға садақа беріп, үйді Қаратаевтар отбасына салтанатты түрде табыс етті.
Жас отбасының отағасы – бірінші топтағы мүгедек. Бұған дейін бұл отбасы жалдамалы баспанада тұрып келген.
Іс-шара аяқталған соң 2005 жылғы түлектер қайырымдылық эстафетасын 2006 жылғы түлектерге табыстады.

"Бор мен қағазды өзіміз сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығына шағымданды
