Түркістан облысында төрт адам ақбөкен аулағаны үшін 3,5 жылға сотталды
Фото: alt.nationalgeographic.kz
Түркістан облысының төрт тұрғыны жоғалған жылқыларды іздеуге шығып, ақбөкендерді атқаны үшін үш жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, Түркістан облысынан бірнеше жігіт жоғалған үйір жылқыны іздеу үшін Ұлытау өңіріне аттанған. Олар аңшы мылтығын алып, мотоциклмен жолға шыққан. Олар аң аулауға тыйым салынғанын біле тұра бір топ киікті атып, мүйіздерін алған.
“Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген 15 киік өлтірілген. Осыдан кейін браконьерлер өздері аулаған жануарларды өлтіріп, мүйіздерін алып, етін көлікке тиеген. Осылайша сотталушылар мемлекетке 143 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген ”, – делінген сот хабарламасында.
Сот мәліметінше, олар тағылған айыпты мойындаған. Істі қарау барысында келтірілген залал толық көлемде өтелді. Алайда бұл оларды қылмыстық жауапкершіліктен құтқара алмады.
"Айыпталушылар мемлекетке ірі көлемде зиян келтірген заңсыз аңшылық, сирек кездесетін жануарларды заңсыз жою және тасымалдау бойынша кінәлі деп танылды", – делінген сот хабарламасында.
Сот олардың әрқайсысын 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Оларға бес жыл аң аулаумен айналысуға да тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, оған шағымдануға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2024 жылы1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әуесқой аңшыларға ақбөкенді аулауғарұқсат берілетінін мәлімдеген еді. Кейіннен былтыр сәуір айында Қостанай облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездескен мемлекет басшысы ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын хабарлаған.

Алматы облысында екі көлік соқтығысып, жаяу жүргінші өткеліндегі адамды қағып кетті
