"Туған ағайындылар": Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі жігіттің зорлануына қатысты тың деректер айтылды
Түркістан облысында туыстары мүмкіндігі шектеулі 24 жастағы жігітті зорлады деген күдікке ілінген еді. Оқиғаға қатысты жаңа деректер айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин (Зардап шеккен жігіт пен анасы)
Halyqstan Telegram арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жігітті зорлады деген алты адамның екеуі кәмелетке толмаған. Олар іс бойынша түсініктеме бергеніне қарамастан, әзірге күдікті ретінде танылмаған.
Келес ауданындағы шағын ауылда бәрі бірін-бірі таниды, көпшілігі туыстық байланыста. Жәбірленушінің анасы ерте жесір қалып, төрт баланы жалғыз өзі өсіріпті. Қазір әйел мүмкіндігі шектеулі ұлымен бірге тұрады.
"Ақпан айында зардап шегушінің анасы үйден ақшаның жоғалғанын байқаған. Кейін белгілі болғандай, күдіктілердің бірі, зардап шегушінің әке жағынан туысы, сол күні үйге қалдырып кеткен бас киімін алуға келген. Оған қоса үйдегі ақшаны да ұрлап алған. Анасы ұлынан үйге кім келгенін сұрағанда, жігіт туысының не үшін келгенін және өзіне не істегенін айтқан. Осы кезде анасы баласын бірнеше жыл бойы алты жігіттің зорлығынын білген” — дейді жәбірленушінің адвокаты Гүләйхан Тұрсыманова.
Күдіктілердің үшеуі туған ағайынды. Бұл топтың ең үлкені 26-27 жаста болса, ең кішісі 14-те. Олар жәбірленушіні бала кезінен таниды.
"Диагнозына қарамастан, жігіт бәрін егжей-тегжейлі айтып берген. Алайда нақты күндері мен мерзімдерін есіне түсіре алмады. Қазір бірнеше сараптама тағайындалды, олар көптеген сұрақтарға жауап береді деп күтеміз”, – дейді адвокат.
Іс аудандық басқармадан Түркістан облыстық полиция департаментіне тапсырылғанын полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Сонымен қатар, бұл іс ІІМ бақылауында. Ал жәбірленушінің анасы енді ұлын үйде жалғыз қалдырудан қорқып, оны жұмысына бірге алып жүруге мәжбүр. Олардың отбасына туыстары тарапынан қысым көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі жігітті зорлады деген күдікпен алты адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.