Әкімдік Түркістан облысында малдың жаппай қырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Фото: freepik.com
Түркістан облысы Келес ауданының тұрғындары аптап ыстық салдарынан мал қырылып жатқанын мәлімдеді. Алайда өңір әкімі Жәнібек Ағыбаев бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Диқандардың айтуынша, қазірдің өзінде ондаған мал қырылып қалған. Оның үстіне шөп бағасы да күрт қымбаттап кеткен. Осы жағдайлардың бәрі өңірдегі мал шаруашылығын жүргізуді едәуір қиындатып жіберіпті. Зардап шеккен аудандардың тұрғындары жергілікті биліктен шөп бағасын төмендетіп, қосымша жайылымдық жерлер беруді сұраған. Алайда аудандық әкімдік өкілдері бұл жағдайды "қалыпты құбылыс" деп бағалаған. Құрғақшылық тек мал шаруашылығына ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы саласына да зиянын тигізген. Шамамен 190 гектар егіс алқабының 10 пайызға жуығы пайдалануға жарамсыз болып қалған.
“Қазір малға жейтін ештеңе қалмады. Сарша тамырымен қоса шөптің бәрін жеп қойды. Қалғанын көрші ауылдың малы жеп кетті. Енді біздің малға ештеңе қалған жоқ”, – дейді диқан Хаким Камбаров.
Ал тағы бір диқан Мерәлі Тасқұлов малдардың бәрі арықтап кеткенін айтты.
“Малымыз қатты арықтап кетті. Оны сойып та пайда көре алмаймыз. Әр үйден он шақты қой қырылды. Енді ештеңе сата да алмай отырмыз. Қазір жаздың алғашқы айы ғана. Алда не боларын кім білсін?”, – дейді ол.
Ал Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев малдың жаппай қырылуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
"Малдың жаппай қырылуы және жергілікті биліктің көмек көрсетуден бас тартуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Түркістан облысында құрғақшылықтан немесе шегірткенің басып қалуынан малдың қырылуы тіркелмеген. Қазір жем-шөп базасының жағдайы бақылауда", – деді Ағыбаев.
Оның айтуынша, әкімдік өкілдері учаскелерге шығып, шаруалармен сөйлесіп, өтініштерді қабылдайды.
“Қажет болса, көмек көрсетед. Басқа да жайылымдарды бөліп, белгіленген бағамен шөп сатуды ұйымдастырып, жеткізуге көмектеседі. Шегірткеге келер болсақ, облыста қазір 700 мың гектардан астам жер өңделді. Әлеуметтік желіде тарап жатқан "жаппай мал қырылуы” көрсетілген видеоның Түркістан облысына еш қатысы жоқ. Бұл виденың көпшілігі мұнда түсірілмеген. Ол басқа аймақтарда немесе тіпті шетелде түсірілген болуы мүмкін", – деді ол.
Билік халықтан жалған ақпаратқа сенбеуді және ресми дереккөздерден ақпарат алуды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында шегірткелердің жаппай қаптауы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұрғаны туралы жазған едік.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
