Түркістан облысында ХІІ ғасырда бой көтерген тарихи ескерткіш қирап қалды
Түркістан облысы Созақ өңірінде XII-XIII ғасырларда салынған Ақбикеш мұнарасы опырылып құлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Facebook Жылбек Керімбек
Ортағасырлық ескерткіш VI ғасырдан астам уақыттан бері биік төбенің басында тұр. Алайда жаңбыр мен еріген қар суынан тарихи орынның бір бөлігі опырылып құлаған.
Қоғам белсендісі Жылбек Керімбек желіде "Біз бар тарихи ескерткіштен айырылдық" деп жазып, дабыл қақты.
“ХІІ-ХІІІ ғасырларда тұрғызылған “Ақбикеш” мұнарасы опырылып құлады. Кезінде дабыл қақтық, сөзімізге ешкім құлақ аспады. Жауын-шашын тимеу үшін төбесіне шатыр жабу керек дедік. Олай істемеді, жауған жаңбыр, қар суы ескерткіштің дуал-қабырғасына кеулеп кіріп, ақыры құлатты. Бұдан бұрын да құлаған. Әр құлаған сайын ішкі өз сылағы мен қышты алып түседі.
Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылындағы “Ақбикеш” мұнарасына жөндеу жұмыстарын Қазқайтажаңарту РМК РГП Казреставрация мекемесі жасаған", – деп жазды ол.
Бұл жағдайға мәдениет қайраткері Төреғали Тәшенов те түсініктеме берді.
“Төбесін ашық қалдырғандықтан, жауған қар мен сорғалаған жаңбыр қоя ма, ақыры осылай болды. Сыртқы дуалы жермен-жексен құлағанда ішіндегі алты ғасырға шыдас берген ғажайып ескерткішті, мемлекет қорғауындағы тарихи мұнараны өзімен бірге қоса жұлып алып кетті. Сұмдық! Сол бойы жөндеусіз-ақ тұра бергенде, әлі де жүз жылға шыдас берер ме еді”, — деп жазды Төреғали Тәшенов.
Созақ ауданы әкімдігі тарихи ескерткіштің бүгінгі жай-күйін хабарлау үшін облыстық мәдениет басқармасына жедел хат жолдады.
“Ақбикеш мұнарасы Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. 2020 жылы мұнарада қалпына келтіру жұмыстарын "Қазқайтажаңарту" мемлекеттік мекемесі Қызылорда филиалы жүргізді. Тапсырыс беруші – Мәдениет және ақпарат министрлігі. 2025 жылдың 25-26 қаңтарында ауа райының қолайсыздығынан мұнараның бір бөлігі қайтадан құлады. Аудан әкімі тарихи жәдігердің бүгінгі жай-күйіне қатысты облыстық мәдениет басқармасына жедел хат жолдады”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Елімізде көзі тірісінде Тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосқан тұлғаларға ескерткіш қоюға рұқсат етілген еді.