Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, аяусыз өлтірді деген ақпарат тарады

Фото: freepik.com

Түркістан облысы Төрткүл ауылында 16 жастағы қызды бірнеше адам зорлап, аяусыз өлтіріп кетті деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қыздың мәйіті 6 маусым күні таңертең табылған. НеМолчи қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің мәліметінше, күдіктілер еңбек мигранттары болуы мүмкін.

"Әзірге 16 жастағы қыздың отбасылық дүкенде жұмыс істегені белгілі. Ол үйіне қайтып бара жатқанда бір топ еңбек мигранттары ұстап әкетіп, зорлаған", – деп жазды қор. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Түркістан облыстық полиция департаментінен мән-жайды сұрады.



Полиция мәліметінше, аталған іс бойынша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

"6 маусым күні сағат 07:05-те Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында қыздың мәйіті табылды. Ол – колледждің бірінші курс студенті. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергеу барысы полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында", – делінген хабарламада. 

Полиция тергеу мүддесіне сай өзге ақпараттар жария етілмейтінін мәлімдеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда түнгі клуб басшысы қол астындағы жігітті зорлады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 12:06
Талқылау