Түркістан облысында әйелін қылғындырып өлтіріп, денесін өртеп жіберген ер адам сотталды

Түркістан облысы Сайрам ауданында маскүнем әйелін өлтіріп, өртеп жіберген ер адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 1969 жылы туған, Сайрам ауданының тұрғыны Еркін Б.-ны әйелін қасақана өлтіргені үшін соттады.
Сот мәліметінше, күдікті мен оның әйелі 1990 жылы заңды некеге тұрып, балаларымен бірге Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылында тұрған. Алайда, соңғы он жылда әйел алкогольге тәуелді болған. Әйел жолдасы екеуі жылдар бойы жинаған құнды заттар мен зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен. Сосын оны дүкенде шарапқа айырбастаған. Осылайша ерлі-зайыпты арасында дау туған. Кейін айыпталушы мүлкін қорғау үшін барлық алтыны мен құнды затын жинап, орамалға орап, жертөлеге тығып қойған.
Талдықорғанда ер адам әйелі мен үш жасар қызын оңдырмай соққыға жыққан (видео)
Жамбыл облысында әйел өз баласын ұрғанын видеоға түсіріп, бұрынғы күйеуіне жіберген (видео)
2025 жылдың 19 шілдесінде таңертең сотталушы жертөлеге жасырынған заттың өз орнында жоқ екенін байқаған. Орамал орнында, алайда ішіндегі заттар жоқ болып шыққан. Шамамен сағат 13:40-та әйелі үйіне мас болып оралған. Олар тағы да дауласып, ашуланған солтталушы әйелін ұрып-соғып, кейін үйден шығып кеткен.
Ал әйел көрші үйге қашып барып, көмек сұраған. Ол күйеуінің оны өлтіремін деп қорқытқанын айтып, полицияға қоңырау шалуды сұраған. Көршісі полицияға хабарласқан. Алайда, Сайрам ауданының полиция қызметкерлері қоңырауға мән бермеген. Арада жарты сағат өткен соң полиция хабарласып, мән-жайды сұраған. Көршісі әйелдің өз үйіне кеткенін, ал өзі жұмыста екенін айтқан.
Ал үйіне оралған сотталушы әйелінің жоқ екенін біліп, оны іздеуге шыққан. Ол әйелін ауылдың шетіндегі өзеннің жағасынан тапқан. Күйеуі жұбайына жақындап: “Тағы ішіп болдың ба? Бізді шаршатып жібердің. Жүр, үйге қайтамыз. Көшеде әркімге жалтақтап, бишара секілді көрінуді қой”, деп айтқан. Алайда, әйелі қарсылық білдіріп, бірге арақ ішіп жүрген ер адамға кететінін айтқан. Сотталушы ашуланып, әйелін мойнынан ұстап, қылғындырған. Жұбайы есінен танып қалған соң, денесін сайға лақтырып, өзі үйіне бет алған.
Айыпталушы сол түні сағат 2:00 шамасында үйден 10 литрлік пластик бөтелке алып шығып, ішін бензинмен толтырып, сайға барған. Онда ол жәбірленушінің денесін бензинмен бүркіп, толығымен өртеп жіберген.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындамай, кісі өлтіруге қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол әйелін қатты сүйгендіктен ешқашан ұрып-соқпағанын айтты. Дегенмен, тергеу оның кінәсін дәлелдейтін жеткілікті дәлелдер жинаған. Осылайша сот оны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу колониясында өтейтін болды.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Судья Марат Күздеубаев Түркістан облыстық полиция департаментінің басшылығына да арнайы қаулы шығарды. Онда ол полиция қызметкерлерінің қоңырауға дер кезінде жауап бермегенін, нәтижесінде адам өлімі болғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында ер адам әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Танымал продюсер еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан зейнетке шыға алмай жүр