Түркістан облысында алаяқ 80-нен астам адамды алдап, 337 миллион теңге шығын келтірген
Түркістан облысында 80-нен астам тұрғынды алдап, 337 миллион теңге шығын келтірген күдікті ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: polisia.kz
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, облыс аумағындағы интернет алаяқтық қылмыстарына қатысы бар күдікпен 34 жасар ер адам ұсталған.
Күдікті ер адам жәбірленушілерге ақшалай қаражаттарыңызды көбейтіп беремін деп сенімдеріне кіріп, онлайн-несие рәсімдеткен. Алаяқтық жолмен тапқан қаражатты жеке басының пайдасына жаратып отырған.
“Тексеру кезінде күдіктінің жалпы 87 жайтқа қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 337 миллион теңгеден асқан. Күдікті қамауға алынды”, – делінген полция хабарламасында.
Сонымен қатар полиция облыстағы интернет алаяқтық қылмыстарына қатысы бар 22 жастағы жігітті анықтаған. Күдікті әлеуметтік желіде жиһаз құрастыру бойынша жалған парақшалар ашып, жәбірленушілердің тапсырысын қабылдап, ақшаларын иемденіп отырғаны анықталды.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде алаяқ адамдарды медицина университетіне грантқа түсіремін деп алдап кеткені туралы жазған едік.