Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген": Түркістан облысында 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартқан

“Ішімдіксіз ауыл” жобасына Түркістан облысында 30-ға тарта ауыл қолдау білдіріп қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Ордабасы мен Мақтаарал ауданында – 5, Келесте – 4, Сайрамда – 3, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда – 2, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдік сатудан бас тартқан.

Мәселен, Сауран ауданының Нұртас елдімекенінде 1 835 адам тұрады. Ауылда бір мектеп, екі балабақша бар. Тұрғындарға үш дүкен қызмет етеді. 
Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік еткен ауылдың қаймағы бұзылмаған.

Фото: polisia.kz

Ақсақалдар жастарға үлгі-өнегесін көрсетсе, жастар алған тәлім-тәрбиесін ұштастырып, ауылды көркейту бағытында жұмыс жасап келеді. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” дегенді ұстанған мұндағы халық ағаш егу, сенбілікке шығу сынды істерді жасы да, кәрісі де бірлесіп атқаруды дәстүрге айналдырған. 

Осы ретте ауыл тұрғындары тыныштық пен тәртіптің сақталуында учаскелік полиция инспекторларының еңбегі көп екенін алға тартып, алғыстарын білдірді. 

Фото: polisia.kz

Ал учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы әрбір үйдің жағдайымен қанығып, күнделікті жұмыс жүргізіп отырады. Соның нәтижесінде жоғарыда 30-ға жуық ауылда соңғы бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген. Осы ретте полиция мен қоғам бірлесе ізгілікке бет бұрған ауылдар қатарын көбейтіп, қылмыссыз қоғам құру жұмыстары жалғаса береді.



Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Бояулы ауылының тұрғындары арақты ішуден бас тартқаннан кейін, елді мекенде 5 жылдан бері бірде-бір ауыр санаттағы құқық бұзушылық тіркелмегенін жаздық. Мәліметтерге сенсек, Бояулы ауылының тұрғындары той-томалақты ішімдіксіз өткізіп жүр. Ең әуелі, бұл бастаманы ауыл ақсақалдары көтеріп, халық та бірауыздан қолдаған. Осылайша дүкендердің бәрі сөреден алкогольді алып тасаған. Қазір Бояулыда арақтан бөлек сыра да сатылмайды. 

Талқылау