Түркістан облысында 200 миллион теңгеге жуық ақшаға салынған жаңа әкімдік ғимараты қирап жатыр

Түркістан облысында 200 миллион теңгеге жуық ақшаға салынған жаңа әкімдіктің ғимараты бір жыл өтпей қирау алдында тұр. Қазір қауіпсіздің үшін қызметкерлер басқа жерге көшіріліп, дәретханасы жабылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сайрам ауданындағы Жібек Жолы ауылында әкімдік ғимараты былтыр маусымда салынған. Алайда қызметкерлер жайлы жағдайда ұзақ отыра алмады.
“Қабырғалар қозғалып жатқандай. Бірдеңе сынып не жыртылып жатқандай дыбыс шығады. Әсіресе түнде. Күндіз адамдар жүріп-тұрады, байқалмайды. Ал түнде тыныштықта бәрі естіледі. Мен ғимараттың құламайтын жағында ұйықтаймын”, – деді күзетші Миллиардбек Мәлібеков.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпті болғандықтан, олар әзірге қабырғаларына жарық түспеген бөлікке көшірілген. Ал қабырғалары жарылып, едені шөгіп жатқан жақтағы дәретхана мен қойма бір жарым ай бұрын жабылған.
“Әрине, қорқынышты. Күзетшінің өзі түнде бәрі сықырлап, шытынап тұратынын айтады. Соңғы аптада шөгу күшейді, жарықтар үлкейді. Мен маман емеспін, бірақ іргетас дұрыс құйылмаған сияқты”, – деді Жібек Жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Талғат Қамбарбеков.
-
Шымкентте жаңбырдан кейін жаңа асфальт опырылып, су құбырын жарған
-
Алматыда соққан жойқын дауыл салдарынан Шымбұлақта алып ағаш құлады
Мердігерлер жоба талаптарынан ауытқымағандарын айтады. Олардың сөзінше, бір күні дәретханада құбыр жарылып, көп су ағып кеткен. Соның салдарынан іргетас шөгуі мүмкін. Бұл ғимараттың зақымдануына әкелген.
“Су 10–20 минуттай аққан шығар, нақты білмеймін. Біз келгенде бәрі суға толып тұрды. Суды тазарттық. Бірақ көп бөлігі жерге сіңіп, топырақ шөкті. Біз бәрін қалпына келтіреміз: жұмысшыларды шақырдық. Қазып, нығыздап, қайта толтырып, іргетасты тексереміз”, – деді мердігер ұйым өкілі Орынбасар Аятов.
Алайда аудан әкімдігінде асықпау керегін айтады. Алдымен сараптама жүргізіледі. Ол 193 миллион теңгеге салынған ғимараттың қай бөлігі жөндеуді қажет ететінін анықтайды.
Ал әзірге тоғыз қызметкер жаңа ғимараттан ескі ғимаратқа қайта көшуге мәжбүр. Ескі болғанымен, ол қазіргідей қауіпті емес.
Қазақстандықтар үшін шетелге демалуға ең тиімді айлар аталды