Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалмақ
6 қаңтар күні Түркістан облысы мәслихаты депутаттары облыс әкімін тағайындауға келісім беру үшін жиналады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұл туралы ақпарат облыстық мәслихаттың ресми сайтында жарияланды.
"Түркістан облысы аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысы 2025 жылғы 6 қаңтарда сағат 10.30-да Конгресс холл ғимаратында өтеді. Күн тәртібіне енгізілетін мәселе: Түркістан облысының әкімін тағайындауға келісім беру”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, қазір Түркістан облысы әкімінің қызметін Дархан Сатыбалды атқарып келеді. Ол бұл қызметке 2022 жылы тағайындалған еді.
Дархан Сатыбалды 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Келес ауданының "Келес" коммуналдық кәсіпорнында бастаған. 2013-2015 жылдары Шымкент қаласының әкімі болған. Түркістан облысының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда әкімдердің жұмысын бағалау үшін жасанды интеллект іске қосылатыны туралы жазған едік.