Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Нұралхан Оралбайұлы Көшеров тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Президент әкімшілігі
"Мемлекет басшысының жарлығымен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалды", – делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қызметтен босатылып, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғанын жаздық. Дархан Сатыбалдының жаңа қызметке ресми келгенін Ақорда хабарлады.
2023 жылы 19 қаңтарда Нұралхан Көшеров Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметіне келді.
Нұралхан Көшеров 1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан Мемлекеттік университеті, Қазақ Гуманитарлық заң университеті, Мәскеудегі Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы жоғары білім беретін мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесінде білім алған.
Еңбек жолын 2008 жылы парламенті мәжілісі депутатының көмекшісі болып бастады.
2009-2011 жылдары қаржы министрлігінің салық комитетінде талдаушы, Астанадағы салық департаментінің Алмалы ауданы бойынша салық басқармасының заңды тұлғалардың салық аудиті бөлімінің бас маманы болып еңбек етті.
2010-2014 жылдар аралығында Астананың салық департаменті Есіл ауданының салық басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.
2014 жылдан 2015 жылға дейін Астанадағы Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, қаржы министрлігіне қарасты салық комитетінің Астана бойынша салық департаменті басшысының орынбасары болды.
2015-2018 жылдары Шымкент әкімінің орынбасары, 2018-2021 жылдары қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Ақтау бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы лауызымдарында еңбек етті.
2021 жылы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарды.
Еске салайық, бұған дейін 6 қаңтар күні Түркістан облысы мәслихаты депутаттары облыс әкімін тағайындауға келісім беру үшін жиналатынын жазған едік. Бұл туралы ақпарат облыстық мәслихаттың ресми сайтында жарияланды.