“Мектеп оқушысы зорланған”: Түркістан облысындағы ауылда болған тәртіпсіздіктерге қатысты сот үкімі шықты
Түркістан облысы Төлеби аудандық соты Зағамбар ауылында "мектеп оқушысы зорланды" деген хабардан кейін орын алған тәртіпсіздіктерге байланысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Іс бойынша 14 адам күдікті деп танылған.
Сот шешімімен “бөтеннің мүлкін қасақана жойды немесе бүлдірді” деп айыпталған бес адамға үш жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Түркістан облысындағы жасөспірімді зорлау оқиғасы бойынша ауыл тұрғындары пікір білдірді (видео)
Сот барлық 14 күдіктіге қатысты "бұзақылық" бабы бойынша қозғалған істі тоқтатты. Соттың мәліметінше, іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.
Сот шешім шығару барысында сотталушылардың бұрын сотталмағаны, тағылған айыпты мойындап, өкінгендері және келтірілген шығынды өтегендері ескерілгенін мәлімдеді.
Жәбірленуші тарап айыпталушыларды кешіргенін, материалдық шығын толығымен өтелгенін мәлімдеді.
Еске салсақ, 2024 жылдың сәуір айында Түркістан облысы Төлеби ауданында жасөспірімнің кәмелет жасына толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Ақпарат тарағаннан кейін әлдекімдер күдіктінің туыстарына тиесілі қора мен көліктерді өртеп жіберген еді.