Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында тұратын көпбалалы ана өзінің отбасында қандай нәрселер маңызды екенін айтты

Отан отбасынан басталады. Адамға ең жақыны, ең аяулысы, ең қымбаты да отбасы. Сонымен қатар жанұя – қоғамның негізгі тірегі, қозғаушы күші. Мұнда жастардың құндылықтары мен өмірлік мақсат-мұраты қалыптасады. Сондықтан еліміз үшін әр ошақтың түтіні түзу болғаны, сол отбасыда балалардың бақытты болып өсуі маңызды. Stan.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысындағы көпбалалы отбасымен әңгімелесіп, олардың жанұяға қатысты ойларын, бала тәрбиесінде ұстанатын қағидаларын сұрады.

Фото Жазира Сахтанованың жеке архивіненФото Жазира Сахтанованың жеке архивінен

Жазира мен Самат 2011 жылы шаңырақ көтерген. Олар бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған ата-ана, үлкен отбасы. Өздері Түркістан қаласында тұрады. Биыл жас жұбайлардың отау құрғандарына 13 жыл толып отыр.

Отанасы Жазира Сахтанова 20 жасында тұрмысқа шыққан. Қазір отбасы үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Бұл отбасының үлкені Аяулым 12-де, екіншісі Аян 10-да, Раяна 9-да, Әмина 4-те, Ал кенжесі Ханәли 1 жаста. Аяулым, Аян және Раяна – үшеуі мектепте оқиды. Ал екі кішкентайы үйде.

Тұңғышым мұғалім болғысы келеді. Ал үлкен ұлым полицей боламын дейді. Үшіншісі Раяна дәрігерлікке қызығады. Әминам болса, бір жердің бастығы боламын деп айтып отырады. Бастық болса, әкесі, шешесі, бауырлары – бәріне бір-бір көлік алып беремін дейді. Ханәли әлі екіге толмады, жігіт болып өсіп келеді. Ол Құдай қаласа, Елдос Сметов сияқты әлемге танылатын спортсмен болса екен дейміз. Олардың осындай талабын көріп, ана ретінде әрқайсысы өзі қалап таңдаған мамандығын меңгеріп шықса екен деп тілеп отырамын", –  дейді Жазира Сахтанова.

Бұл отбасы қазір қара шаңырақта тұрады. Жас болса да, атаның өнегесін, ананың мейірімін көрген.

"Үлкен әулеттен шыққан отбасымыз. Алты қайынағам, төрт қайынбикем, бір қайынсіңлім бар. Қара шаңырақта тұрамын. Атамды бес жыл бақтым. 2015-те қайтыс болды. Қазір енем қолымызда. Мысалы, биыл жаңа жылда бүкіл бауырлар қара шаңыраққа жиналып, жаңа жылды бірге тойлайық деді. Қайнағаларымыздың бәрі ортадан қаражат бөліп, дастархан жасап, біздің үйде – үлкен үйде Жаңа жылды қарсы алдық. Біз үшін отбасының, бауырлар арасындағы сыйластықтың берік болғаны, жанұяның өзіне тән құндылықтары маңызды. Туған-туыспен жақын араласып, қиындықта да, қуанышта да бірге болуды жөн көреміз", – дейді түркістандық ана.

Жазира үйде бала тәрбиесімен айналысады. Бірақ тек бала тәрбиелеп отырмайды, оның қолынан түрлі іс келеді. Арасында қосымша көрпе-көрпеше тігіп, табыс табады. Жазғы уақытта тосап, салат, банка жабады. Тапсырыс болған кезде нарын да турайды. Балалармен бірге отырып сабақ оқып, олардың үлгерімін қадағалайды. Ал жолдасы Самат отбасын асыраушы, кәсіппен айналысып, көбіне түзде жүреді. Дегенмен балаларының тәрбиесіне де қатысады. Отбасы мүшелерінің тамағы мен киім-кешегін, жүріп-тұруын, қыдыруын қамтамасыз етеді.

Отанасы бала тәрбиесінде қандай құндылықтарға басымдық беретінін де айтып берді. Сөзінше, ата-ана әр баласы қай нәрсеге ұмтылады, сол ұмтылысын қолдай алса, осының өзі оның болашағына, қандай замат боларына әсер етеді.

"Болашақта балаларым өз қалауларынша өмір сүрсе деп армандаймын. Ең бастысы ешкімге мұқтаж болмай өскенін қалаймын. Сонымен бірге ешкімнің ала жібін аттамай, керісінше, еліне, бауырларына, ағайынға көмек беретін ұрпақтың қатарынан болса екен деймін. Сол үшін де мектепте жақсы оқып, әрқайсысы жоғары оқу орындарына оқуға грантпен түсіп, мықты әрі кәсіби маман болып шыққанын армандаймын. Менің де басқа ата-аналар сияқты балаларым туралы ойым, арманым көп. "Сендер мынандай болуларың керек" деп айтпаймын. Бірақ саналы, ақылды, білімді, қайырымды ұрпақтан болса екен деп тілеймін. Ер жетіп, білімді азаматтар болып, елінің дамуына үлес қосса, халқының алдында тек қайырымды іс жасай алса деп үміт етемін. Көз алдымда тез өсіп келеді. Ертең-ақ бойлары менімен бірдей болып, бойжетіп, ержетіп, маған қолғабыс болады деп сенемін. Бізге ғана емес, еліне, халқына қамқор азаматтар болсын. Біз үшін бала тәрбиесінде осы маңызды", – дейді түркістандық ана.

Фото Жазира Сахтанованың жеке архивіненФото Жазира Сахтанованың жеке архивінен

Жазира Сахтанованың сөзінше, олар отбасында әр туған күнді, әр мерекені бірігіп, бір дастархан басында атап өтеді.

"Балаларымның әрқайсысының туған күнінде міндетті түрде торт алып, үстіне майшам қойып, оны жағып, үрлейміз. Туған күндерді отбасымызбен атап өтеміз. Жаңа жыл, Наурыз сияқты мейрамдарда дастархан жасап, бәріміз жиналып, тойлатамыз. Балаларымды өз туыстарына және нағашыларына апарып тұрамыз. Туысқандармен байланыс берік болуы керек деп сенемін. Балалар да ата, әже, аға, әпке" деп қуанып жетіп, мәз-мейрам болады. Өздері қатарлы туыстарымен бірге ойнайды, дос болып өседі. Біздің үйімізде жақындармен жақсы қарым-қатынас құру басты орында", – дейді бес баланың анасы.

Жазира Сахтанова өзі де бес балалы үйдің ортаншысы. Жолдасы Самат 12 ағайынды, үлкен әулеттен. Екеуі де балалардың бір-біріне қолдау болып, бауырмал болып өскенін қалайды.

"Балалы үй базар дейді. Өзім де көпбалалы отбасыда туып-өстім. Қазір бауырларымның әрқайсысында 3-4 баладан бар шүкір. Бәрінің бірге улап-шулап, мәз-мейрам болып жүргенін көру бақыт. Көз тимесін. Бастысы қазір таршылық көрмей, тоқ болып, кигісі келген нәрсені киіп, сабақтарын жақсы оқып өссе екен деймін. Ал ата-ана ретінде біздің міндетіміз – жақсы тәрбие беру, қажетін алып беріп, өсіру, сабағын, жеке қабілеттерін қадағалап, дұрыс бағыт-бағдар беру. Жағымсыз ортадан, бүгінгі болып жатқан қауіптерден қорғап, жақсымен таныстыру. Әсіресе кейінгісі қазір өте маңызды болып отыр деп айтсам, артық болмас. Жақсыға баулумен қатар, жаманнан алшақ жүруді насихаттау да өзекті", – дейді Түркістанда тұратын көпбалалы ана Жазира Сахтанова.

Түркістан тұрғыны тұрмысқа шықпай тұрып алты баланы – үш ұл, үш қызды дүниеге әкелемін деп ниет етіп, айтып жүріпті. Бүгінде бес баласы бар. "Алла тағы ана қылуды нәсіп етсе, дайынбыз ғой. Денсаулыққа да жақсылап қарауды ұмытпау керек" деп ойын айтып, кеңес берді. Балалардың тәрбиесіне ата-анасының тікелей қатысы бар екенін де қоса кетті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 17 қазан күнгі дерегі бойынша, Қазақстанда мемлекеттен жәрдемақы алатын 576,4 мың көпбалалы отбасы бар.

Еңлік Сақтан
Жексенбі, 13 Қазан, 2024 14:03