Түркістан халқы Астанада көз жұмған фельдшерге арнап ескерткіш тақта орнатты

Астанада жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсету кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта өзінің ауылында, Жетісай ауданы Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінде орнатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлданаға арналған ескерткіш тақта өз ауылының ақсақалдарының бастамасымен жергілікті амбулаторияға орнатылды. Оның ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш пен аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков, Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Бақыт Мырзагельдиев пен “Асықата” ауруханасы басшысының орынбасары Ерғали Сопбеков, Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы мен туыстары, ұстаздары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
“Жас болса да кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай білген білікті маман Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы “Даналық” колледжінде емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Байқоңыр ауданы жедел жәрдем подстанциясының бригада аға-фельдшері болып жауапты қызмет атқарған”, – деп жазды Түркістан облысының әкімдігі.
- "Ол кондиционерден қаза болмады": Белгілі заңгер Астанада көз жұмған фельдшер жайлы жазба жариялады
- "Шоуға айналдырмаңыздар": Астанада көз жұмған фельдшердің күйеуі қазақстандықтарға үндеу жасады
Шараға жиналған жұрт кәсіби қызметі жолында әрдайым қауіптің алдыңғы шебінде жүріп, адам өмірін құтқаруды басты мұрат еткен, ерлікпен қаза тапқан Ұлдананың жарқын бейнесін, ел есінде қалған еңбегін және адамдық асыл қасиеттерін тағы бір мәрте еске алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған Ұлданаға ауылдастары құран бағыштап, дұға жасады.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Облыс әкімдігі демалыс және спорт аймағына Ұлдананың есімін беруді өткенге тағзым мен ерлікке құрметтің белгісі, елге адал қызмет еткен азаматтардың есімі ұмытылмайтынын көрсететін тағылымды қадам деп бағалады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы жазған едік. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ Астанада қалалық жедел жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылған еді.
Ормуз бұғазының жабылуы, мұнай бағасының өсуі: Ирандағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді