Түркіменстаннан экспорт пен жәрмеңкелер болады: Қазақстандықтарға Жаңа жылға арзан азық-түлік уәде етілді

Фото: pixabay.com
Үкіметте азық-түлік тауарлар бағасының өсуін тежеу жолдары талқыланды. Әсіресе жаңа жылда қымбаттайтын жылыжай көкөністеріне – қияр мен қызанаққа ерекше назар аударылатыны жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маусымдық қымбаттауды ескере отырып, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қысқа мерзімде Түрікменстаннан жеткізілетін көкөністер үшін шекаралық өткізу бекеттерінде "жасыл дәліздер" ұйымдастыруды тапсырды. Үкіметтің түсіндіруінше, бұл өз жылыжай өндірісі жеткіліксіз өңірлерге қияр мен қызанақтың тұрақты әрі қолжетімді бағамен жеткізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, 22–31 желтоқсан аралығында елдегі супермаркеттерде Bereke fest акциясы өтеді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар фермерлерден тікелей жеткізіліп, төмендетілген бағамен сатылатын болады.
Өңірлерде ауыл шаруашылығы және мерекелік жәрмеңкелердің саны да арттырылады. Үкімет дерегінше, желтоқсан айының өзінде Қазақстан бойынша 800-ден астам осындай алаң ұйымдастыру жоспарланған. Сауда комитетіне тауарларды шалғай өңірлерге, соның ішінде Ұлытау мен Маңғыстау облыстарына жеткізуге жәрдемдесу тапсырылды.
Кеңес барысында қараша айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 0,9%-ға дейін баяулағаны, ал азық-түлік бағасының өсімі 1% деңгейінде қалғаны айтылды. Үкімет мәліметінше, соңғы төрт аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өспеген.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?