Туризм және спорт министрлігі балуандарға қарсы сотта жеңілді

Қостанай қаласының соты самбо және дзюдо шеберлері Анатолий Веклич пен Мұрат Кинтоновтың талап-арызын қанағаттандырып, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігін халықаралық турнирлердегі жеңістері үшін тиесілі сыйақыларды төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyqstan телеграм каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Балуандар Анатолий Веклич пен Мурат Кинтонов 2016–2017 жылдары Хорватия мен Грекияда өткен ардагерлер арасындағы самбодан әлемдік турнирлерде, сондай-ақ АҚШ-та өткен дзюдо жарыстарында жүлделі орындарға ие болған. Алайда заң бойынша тиесілі сыйақыларын алу үшін олар министрлікпен ұзақ уақыт соттасуға мәжбүр болған.
Мұрат Кинтонов АҚШ-та жеңіп алған "алтын" жүлдесі үшін 2,3 мың доллар көлемінде сыйақы алуға құқылы еді. Ал Анатолий Веклич дзюдодан Италиядағы жарыста қола, Мароккода күміс және Грекияда алтын жүлделері үшін жалпы сомасы 11,4 мың доллар сыйақы алуы тиісті болыпты.
Істі қарау барысында министрлік талап қою мерзімінің өтіп кеткенін, спортшылардың ардагер мәртебесін және ұлттық құрама тізімінде болмағанын алға тартып, төлем жасаудан бас тартқан. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп танып, олар мемлекеттік спорт саясатының мақсаттарына қайшы келеді деген шешім шығарды.
Бұған дейін де осындай істер болған. 2026 жылдың қаңтарында сот гир спортынан әлем чемпионы Сергей Карпенкоға 2016–2021 жылдардағы жеңістері үшін тиесілі сыйақыларды төлеуді міндеттеген. Сонымен қатар, спортшының құқықтарының бұзылуына байланысты министрге жеке ұйғарым шығарылған.
Ал 2026 жылдың ақпанында елорда соты гир спортынан әлем чемпионаттарының жүлдегері Юрий Брельге сыйақы төлеуден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп танып, министрлікті барлық жүлделі орындар бойынша берешекті өтеуге міндеттеді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді