Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түрік сериалдарының жұлдызы Ханде Эрчел есірткі ісі бойынша ұсталды

Ханде ЭрчелФото: instagram.com/handemiyy

Түркияны шулатқан есірткі ісі бойынша іздеуде болған түрік актрисасы Ханде Эрчел Ыстамбұл әуежайында ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “РИА Новостиге” сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның мәліметінше, түріктің Cumhuriyet газеті Ханде Эрчел елге ұшып келгеннен кейін Ыстамбұл әуежайында ұсталғанын хабарлаған.

“Танымал актриса Ханде Эрчел жұма күні Ыстамбұлға оралды. Ол әуежайда ұсталып, сотта түсініктеме берді. Қазір оны есірткіге тест тапсыру үшін сот-медициналық сараптама басқармасына жеткізді”, – делінген мақалада.

Егер есірткіге жасалған тест нәтижесі оң болып, жеткілікті дәлелдер табылса, прокурорлар “Менің есігімді қақ” сериалында басты рөлді сомдаған танымал түрік актрисасын қамауға алуды талап етуі мүмкін. Бұл туралы басылымға түрік адвокаты Айшегүл Полат мәлімдеген.

Осы іс бойынша ұсталған кәсіпкер Хакан Сабанджи Sözcü газетіне берген сұхбатында өзі де, бұрынғы сүйіктісі актриса Ханде Эрчел де ешқашан есірткі қолданбағанын айтқан.

Еске салайық, Түркия полициясы 2025 жылғы қазаннан бері есірткіге қарсы рейдтер жүргізіп келеді. Әр кезеңде танымал актерлер мен инфлюенсерлер ұсталған. Жуырда Ханде Эрчелдің есірткі ісі бойынша іздеуге жарияланғаны белгілі болған еді.

Оған қатысты қамауға алу ордері шыққаны туралы ақпараттан кейін Ханде жанкүйерлеріне үндеу жасады. Ол шамамен бір ай бойы оқуына байланысты шетелде болғанын айтты. Дегенмен актриса жағдайды анықтап, түсініктеме беру үшін Түркияға оралу туралы шешім қабылдаған.

Айта кетейік, бұған дейін Qarakesek атымен белгілі 31 жастағы қазақстандық рэпер Омар Аманбаев психотроптық затты заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 22:26