Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тур де Франс–2025" жарысында құны шамамен 88 миллион теңге тұратын 11 велосипед ұрланды

Фото: Getty Images

2025 жылғы "Тур де Франс" веложарысының екінші кезеңі басталар алдында Cofidis француз командасының жүк көлігінен 11 кәсіби велосипед ұрланып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Франциядағы Ловен-Планк қаласындағы қонақүй маңында түнгі уақытта болған. Алдын ала ақпарат бойынша, белгісіз адамдар команданың техникалық көлігін бұзып кіріп, LOOK маркалы 11 велосипедті алып кеткен. Әр велосипедтің бағасы шамамен 13 000 еуроны құрайды, ал жалпы шығын көлемі 143 000 еуроға, яғни 88 миллион теңгеге жуықтайды.

Келеңсіз жағдайға қарамастан, Cofidis командасы тез арада қосалқы велосипедтерді дайындап, екінші кезеңге кедергісіз қатыса алды.

Франция құқық қорғау органдары тергеуді бастап кетті. Оқиға орнында қажет тергеу шаралары жүргізілді. Команда өкілдері болған жағдайға өкініш білдіріп, мұндай халықаралық жарыстарда қауіпсіздікті күшейту қажет екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін де веложарыстар кезінде жабдықтардың ұрлану фактілері тіркелген, алайда дәл осындай ауқымды ұрлық оқиғасы Тур де Франс аясында соңғы жылдары алғаш рет болды.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 08 Шілде, 2025 15:30
Талқылау