Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туыстардан түскен мобильді аударымдар сомасы 1 млн теңгеден асып кетсе, тексеріле ме – Қаржы министрлігі өкілі түсіндірді

Дәурен Кеңбейіл-primeminister.kzФото: primeminister.kz

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл үкіметтегі брифингте "Туыстардан түскен аударымдар 1 миллион теңгеден асып кеткен жағдайда мұндай аударымдар тексеріле ме?" деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Егер мен туыстарымның есебінен күн көріп жүрсем және олар маған ай сайын, мысалы, 300 мың теңге жіберіп тұрса, мені тексере ме? Ал садақа жинайтын адамдар ше, олар да тексеріле ме? Неліктен мобильді аударымдардың шегі ретінде 1 миллион теңге сомасы таңдалды?", – деп сұрады БАҚ өкілдері вице-министрден.

Дәурен Кеңбейіл сөз күнтізбелік үш ай мерзімінде аударылған 1 млн теңге төңірегінде болып отырғанын айтты.

"Бір айдағы емес, үш ай мерзіміндегі аударым. Айына шамамен 300 мың теңге. Бұл соманы Мемлекеттік кірістер комитетіндегі әріптестеріміз аударымдар бойынша репрезентатив деректер негізінде белгіледі. Олар бұл сома шартты түрде қауіпсіз деп санайды. Бұл шешім Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте бекітілді. Осындай мәселе көтерілді, шешім талқыланып жатыр. Бұл мемлекеттік орган тарапынан дұрыс шешім деп ойлаймын", – деді ол.

Оның сөзінше, осы шектен асқандар салықшыларға аударым қайдан түскенін түсіндіруі керек.

"Егер кәсіпкерлікпен айналыспасаңыз, ақша туыстарыңыздан түскенін түсіндіресіз. Сонда сізге ешқандай сұрақ қойылмайды. Аударымдарды белсенді түрде пайдаланатын адамдар тексеріледі. Аударым кәсіпкерлік қызметтен емес, туыстардан түскенін дәлелдесеңіз, ешқандай сұрақ туындамайды. Бұл жасырын аударымдарды көлеңкеден шығару үшін қолға алынып отыр. Осыны түсінуіміз керек. Мұның барлығын адал салық төлеушілеріміз үшін істеп отырмыз. Егер сіз мұны адал жасасаңыз, онда ешқандай сұрақтар болмайды. Мұндағы мақсат – жосықсыз кәсіпкерлерді көлеңкеден шығару. Егер адал болсаңыз, аударымдарыңыз кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ болса, онда оны дәлелдеп шыға аласыз", – деп сендірді вице-министр.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 15:04
Талқылау