Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түбегейлі қарсымын": Белгілі математик Назарбаев мектептерін жабу туралы ұсыныстарға қарсы екенін ашып айтты

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы мектептерге өзге мектептерге қарағанда көп қаржы бөлінетінін мойындаған Асқар Жұмаділдаев тұңғыш президенттің атымен ашылған мектептерді жабу идеясын қолдамайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы математик-ғалым "Қасқа жол" Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.

"Мен мұнымен үзілді-кесілді келіспеймін. Мұндай заман бізде Совет одағы кезінде болған. Бүкіл байлардың байлығын тартып алып, кедейлерге таратып берген еді. Соның соңы не болды? Мемлекет 70 жылға зорға шыдады. Өйткені, оны босқа таратып беруден ешнәрсе өзгермейді екен. Біз теңесетін болсақ, кедейлерге емес, жамандарға емес, жақсыларға қарай теңесейік", - деп түсіндірді Жұмаділдаев.

Математик Назарбаев мектебі жеткен жетістіктері жөнінде өзге мектептерден оқ бойы озып тұратынын тілге тиек етіп, оны жабудың орнына ауыл мектептерінің дәрежесін сол мектеппен теңестіру қажет деген ойын жеткізді.



Асқар Жұмаділдаев сонымен қоса Назарбаев университеттерінде гомосексуализм мәселесі туралы естігенін айтты.

"Ондай әңгімені естідім. Назарбаев мектебінде емес университетінде болған. Ал мектепке қатысты келетін болсақ, онда оқулықтардың көбісі ағылшын тілінде келетіндіктен, балалардың содан үйренуі мүмкін. Бірақ жеке өз басым ондай нәрсені көргенім жоқ", - деген ол батыстан өзімізге қажетті дағдыны ғана үйренуіміз қажет екенін айтып өтті.

"Менің айтатыным мынау, батыстың да жақсы жағы мен жаман жағы бар. Жақсы жағын қабылда. Мысалы, батыстан жұмыс істеу үрдісін, ғылым жасау үрдісін, бизнес жасау үрдісін қабылда. Ал біржыныстық үрдісін қабылдама. Оның бізге керегі жоқ. Ол біздің заңымызға қайшы", - деп түйіндеді ол.

Талқылау