"Туды еденге түсіріп, аяқ асты етуге болмайды": Қазақстанда рәміздер күнінің қандай маңызы бар

Фото: Желі кадрларынан скрин
Бүгінде Рәміздер күні – тек ресми мереке ғана емес, халықтың ұлттық символға деген құрметін көрсетіп, патриоттық сезімін оятатын күн. Ел арасындағы рәмізге деген сүйіспеншілікті шетел көшелерінде немесе күнделікті өмірде туды көтеріп, елінің символын мақтанышпен паш етіп жүрген қазақстандықтардан да байқауға болады. Осы мерекенің ел мен халық үшін мәні қандай? Stan.kz тілшісі мемлекеттік рәміздер мерекесінің маңызы мен оның жастар арасындағы көрінісі туралы сарапшылардан сұрап көрді.
Соңғы жылдары желіде қазақстандықтар рәміздерді ерекше ықыласпен дәріптеп жүр. Мәселен, мына бір жазбада көгілдір аспан, қыранға ұқсас бұлт пен арасынан жарқыраған алтын күннің суретін жарияланған. Ол құдды еліміздің туын бейнелеп тұрғандай. Бұл жазбадан соң, көптеген қолданушылар өздері түсірген осындай аспан суреттерімен бөлісе бастады. Көпшілігі мұндай көріністер жүректе мақтаныш пен туған елге деген жылы сезім оятатынын алға тартты.

Фото: Желі кадрларынан скрин
"Ту авторы Шәкен Ниязбековке мың алғыс. Біздің ту – ең әдемісі", "Бәлкім, табиғат ананың өзі біздің кім екенімізді еске салып тұрған шығар", – деп жазды желі қолданушылары.
Бұған қарап бүгінде жастар арасында рәміздерге деген құрметтің артып жатқанын байқауға болады. Мәселен, шетелде оқып жүргендер, қыдырып барғандар туды әлем көшелерінде, оқу-орындарында өздерімен бірге алып көрсетуге тырысады.
Мәдениеттанушы Жанар Таңсық Рәміздер күнінің маңызы мен соңғы кезде халқымыздың рәміздерге деген ерекше ықыласы байқалып жүргенін алға тартты.
“Рәміздер күнін атап өту – әрбір өз тәуелсіздігін және шекарасын бекіткен мемлекет үшін маңызды. Себебі тәуелсіздіктің негізгі белгісі – осы рәміздер. Біз бұл мерекені елдігімізді паш ету, бейбіт екенімізді көрсету үшін тойлаймыз. Әнұранымыз, мемлекеттік туымыз, елтаңбамыз барда, бұл күн біз үшін әрдайым мақтаныш болып қала береді. Дүниежүзінде тек 195 мемлекеттің тәуелсіздігі бар, солардың бірі – біздің еліміз. Сол себепті рәміздер – бейбітшілік пен мақтаныштың ең басты нышаны, және Рәміздер күнін атап өту осы құндылықтың маңызын түсінуге көмектеседі.
Жастар қазір туды өздерімен бірге алып, видеоға немесе суретке түсуді әдетке айналдырған. Тіпті шетелге шықпаса да, ел ішіндегі әсем жерлерде, демалыста немесе серуенде тумен түскен суреттерді жиі көреміз. Мұның барлығына не ықпал етті десек, түп тамырында біз бірінші мұны деколонизациямен байланыстырамыз. Яғни белгілі бір деңгейде қазақтардың өзінің мәдениетіне, тарихына қызығушылығының артуы. Отарлық сананың тарихи жадтың, мәдени жадтың қайтадан түлеуі. Екіншіден мұны заңдық тұрғыдан айтсақ болады. Бұған дейін белгілі бір деңгейде тудың қолдану аясына деген шектеулер болды. Мәселен, балкондарына туды ілу деген сияқты. Алайда қазіргі таңда ашықтық пен еркіндік енгізілді. Қазір саяхатта алып жүруге, балкконға ілуге, көшеде видеоға түсруге еркіндік бар. Мұның бәрі оның құрметін арттыру мақсатында. Осы екі нәрсе ықпал етті деп айта аламыз”, – деді маман.
Жанар Таңсық осы тұста мерекені тойлау мен рәміздерді өзге елдерге көрсетудің өзі әлем алдындағы иммиджімізге әсер ететінін жеткізді.
“Бүгінде патриот жастар үстінен шапан, кәжекей кию, тақия, сырт киімдерді көріп жүрміз. Рәміздер де дәл солай дәріптелуде. Мұның әлемдік иммиджге қалай әсер ететінін ойласақ, мәселен, Димашты мысалға алсақ болады. Оның жанкүйерлерінің арасынан әр концерттерінде біздің елдің туын ұстап келетіндерді байқап жүрміз. Мұның өзі рәмізімізді өзге ұлттарға таныта бастап жатқанын білдіреді. Осылай мәдени тұрғыдан әсер етуі мүмкін”, – деп қосты ол.
Мәдениеттанушы елімізде тудың қолданылу аясын кеңейтілгенімен оның да өзіндік жауапкершілігі бар екенін алға тартты.
“Біріншіден туды төменде, еденге түсірмеу, аяқ асты етпеу, жарнамада орынсыз қолданбау немесе киім, комерциялық зат ретінде пайдаланбау деген ережелерді ескеруіміз керек. Бұл қарапайым этикалық норма, туға деген құрметтің белгісі. Тудың өзі біздің азаматтығымыздың тәуелсіздігіміздің белгісі. Сол себепті оның қолдану аясы Қазақстанды шетелге таныстырып жүрген азаматтар үшін де өте маңызды. Шетелдік жарыстар мен олимпиадаларда қазақстандықтардың туды дұрыс ұстап шығуына ерекше мән береміз. Өйткені бір тудың артында бүкіл қазақ елі тұр. Сондықтан осы жауапкершілікті әркім ескеруі керек. Жастар арасында туды құрметтеу, оны көтеріп шығу, суретке түсу немесе мерекелік іс-шараларда пайдалану жиі кездеседі. Мұны ұлттың өзіндік болмысын сезінуі мен патриотизмнің күшеюінің белгісі деп қарастыруға болады”, – деп қорытты маман.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді