Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трампты өлтірмек болған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Фото: Коллаж Stan.kz

АҚШ президенті Дональд Трампқа қастандық жасамақ болды деп айыпталған Райан Раут 4 ақпанда өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сот үкімін АҚШ-тың Флорида штатындағы Форт-Пирс қаласында орналасқан округтік соттың судьясы Эйлин Кэннон шығарды.

59 жастағы Раут былтыр қыркүйек айында алқабилер сотының шешімімен бес қылмыстық бап бойынша, оның ішінде кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша кінәлі деп танылған.


Дональд Трампқа қастандық жасалып, екі адам қаза тапты (видео)


АҚШ-тағы сайлау, Иранның Трампқа қастандық ұйымдастыруы, Израильдік футбол жанкүйерлеріне шабуыл: Әлемде не болып жатыр


Айыптаушы тараптың айтуынша, оқиға болған күні Раут шамамен 10 сағат бойы қалың бұталардың арасында тығылып отырған. Оқиға орнынан тергеушілер мылтық, оқ өтпейтін кеудешеге ұқсас металл тақташалар және гольф алаңына бағытталған бейнекамера тапқан.

Раут өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Соған қарамастан ол адвокаттарынан бас тартып, заң білімі болмаса да, сотта өзін-өзі қорғауға шешім қабылдаған.

Алқабилер үкімді оқығаннан кейін Раут бірнеше рет өзін қаламмен ұрмақ болды. Осы сәтте федералды маршалдар оны ұстап қалды. Ал сот залында оның қызы әкесінің ешкімге зиян келтірмегенін айтып айғайлап, оны түрмеден босатуға тырысатынын жеткізді.

Үкім шығару кезінде Раут жүйесіз, бір-біріне байланыссыз сөздерді сөйлеген. Ол істің мән-жайына тоқталмай, шетелдегі соғыстар туралы айтып, өзін басқа елдердегі саяси тұтқындарға айырбастауды қалаған. Прокуратура өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етсе, Раут өзін 27 жылға соттауды сұраған.

Раут бұған дейін сотқа берген жазбаша өтінішінде Трампты өлтіруді көздемегенін айтты. Сондай-ақ жеке басының бұзылысына байланысты түрмеде психологиялық ем қабылдауға дайын екенін айтқан. Ол өзін дұрыс қорғай алмағандықтан, алқабилер істің мән-жайын толық түсінбей, жаңсақ шешім шығарды деп мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылы қыркүйек айында Президенттікке үміткер Дональд Трамп гольф ойнап жатқанда клуб жанында атыс естілген еді. Трамп атыс болған жерден бірнеше жүз метр қашықтықта болған. Федералдық тергеу бюросы бұл оқиғаны “қастандық әрекеті” деп тұжырымдаған.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 10:19