
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың қазіргі билігін “шетелдік террористік ұйым” деп жариялап, осы елге баратын және одан шығатын санкцияға іліккен барлық мұнай танкерлерін бұғаттау туралы бұйрық берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Біздің активтерімізді ұрлағаны үшін және терроризм, есірткі контрабандасы мен адам саудасын қоса алғанда басқа да көптеген себептерге байланысты Венесуэла режимі шетелдік террористік ұйым деп жарияланды”, — деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамп сондай-ақ АҚШ Венесуэла маңындағы әскери белсенділікті күшейтетінін ескертті. Оның айтуынша, Венесуэла АҚШ-тан бұрын ұрлап алған барлық мұнайды, жерді және өзге де активтерді толық қайтармаса бұл ел бұрын-соңды болмаған соққы алады.
“Заңсыз Мадуро режимі осы ұрланған кен орындарынан алынған мұнайды өз кәсібін, наркотерроризмді, адам саудасын, кісі өлтіру мен адамдарды ұрлауды қаржыландыру үшін пайдаланып отыр”, — делінген жазбада.

АҚШ соңғы айларда Кариб теңізі аймағына әскерін шоғырландырып, венесуэлалық кемелерге соққылар жасап жатыр. Бұл әрекеттерін ондағы есірткі контрабандасымен күрес деп түсіндіреді. Қарашаның ортасына қарай ол жақта 15 мың америкалық әскери қызметші болған. Қараша айының соңында Трамп Венесуэла үстіндегі әуе кеңістігінің жабылғанын жариялады. Кейін ол АҚШ бұл елдегі наркокартель нысандарына жақын арада құрлықтан соққылар жасай бастайтынын айтып, “Мадуроның күндері санаулы” деп мәлімдеді.