Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп НЛО мен өзге ғаламшарлықтар туралы құжаттарды жариялауды тапсырады

Трамп АҰН мен жерден тыс өмір туралы құжаттарды жариялауды тапсырадыФото: ЖИ

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде американдық әскери ведомствоның ғарыштық өркениеттер мен белгісіз ұшатын нысандар туралы құпия құжаттарын жариялауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Трамп Қорғаныс министріне және басқа тиісті ведомстволарға үкіметтік құжаттарды анықтап, жариялауға тапсырма берді.

“Қызығушылық танытқандардың көп екенін ескеріп, мен Қорғаныс министріне және басқа тиісті ведомстволарға жерден тыс өмірге, белгісіз ұшатын нысандарға және осыған байланысты басқа да материалдарға қатысты үкіметтік құжаттарды анықтап, жариялауды тапсырамын. Құдай, Америкаға жар бол”, – деді ол.

Бұрын Трамп АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама подкастта өзге ғаламшарлықтар туралы пікір білдіргеннен кейін “өзге ғаламшарлықтардың бар екендігі туралы құпия ақпаратты жариялады” деп мәлімдеген еді. “Иә, олар бар, бірақ мен оларды көрген жоқпын” деген еді Обама. 

Кейінірек Обама подкаст жазбасынан үзінді жариялап, өз сөзінің тек ғарыштық өмірдің статистикалық ықтималдығын меңзегенін түсіндірген еді.

“Мен жүргізушінің сұрақтарына жылдам жауап беруге тырыстым”, – деді Барак Обама.

Өзге ғаламшарлықтардың бар-жоғы туралы сұраққа Трамп та жауап берді.

“Олар бар ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ ол құпия ақпаратты жариялады. Оны жарияламау керек еді. Ол үлкен қате жасады”, – деді Дональд Трамп.

Айым Болатқызы
Жұма, 20 Ақпан, 2026 12:16