Қазақстан Газаға әскер жібермек: Трамп Тоқаевқа алғыс айтты

Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы бейбітшілік институтында өтіп жатқан Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысты.
Фото: akorda.kz
Кеңес отырысында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы алғыс білдіріп, Қазақстанды “бай мемлекет” деп атады.
"Президент Тоқаевқа, Қазақстанға, көп рақмет. Бұл қандай мемлекет десеңіздер? Егер күмәндарыңыз болса айтайын, бұл – керемет әрі бай мемлекет. Егер біреулерде қандайда бір күмән туындаса, бүгін мұнда өте бақуатты адамдар қатысып отыр", – деді Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп кеңеске қатысушы елдер Газа секторына көмек көрсету үшін 7 миллиард доллар бөлуге уәде бергенін мәлімдеді.
Сондай-ақ отырыс барысында Қазақстан Газаға әскер жіберуге келісті. Газа аймағындағы Халықаралық тұрақтандыру күштерінің құрамына әскери қызметкерлерін жіберуге дайын бес мемлекет бар екені белгілі болды. Олардың қатарында Индонезия, Марокко, Қазақстан, Косово және Албания бар.
Фото: akorda.kz
Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Трамп атындағы арнайы сыйлық тағайындау жөнінде бастама көтерді.
"Мен Бейбітшілік кеңесінің аясында президент Дональд Трамп атындағы арнайы сыйлық тағайындауды ұсынғым келеді. Бұл марапат оның бейбітшілікті нығайту жолындағы айрықша жетістіктерін мойындауға бағытталмақ", – деді Тоқаев.
Айта кетейік, отырыс АҚШ Бейбітшілік институтында өтіп жатыр. Аталған институтқа желтоқсан айында Дональд Трамптың аты берілген.
Отырысқа ондаған мемлекеттің көшбасшылары мен өкілдері қатысуда. Олардың қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев, Шавкат Мирзиеев, сондай-ақ Армения мен Албанияның премьер-министрлері – Никол Пашинян және Эди Рама бар.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Кеңес жұмысына 26 мүше мемлекет және бақылаушы мәртебесіндегі тағы 23 ел қатысып отыр.
Кездесу барысында Трамп Норвегияның Бейбітшілік кеңесінің іс-шараларының бірін қабылдауға келісім бергенін хабарлады.
"Норвегия Бейбітшілік кеңесіне қатысушыларды біріктіретін кездесуді өткізуге келісім бергенін қуана хабарлаймын", – деді Трамп.